Жүргізушілерге ыңғайлы болуы үшін 073/е нысанындағы медициналық анықтама енді eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Бұған дейін бұл қызметті eGov.kz порталында рәсімдеуге болатын және ол іске қосылғаннан бері қазақстандықтар 7 мыңнан аса анықтама рәсімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
073/е нысанындағы медициналық анықтама - көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілім жоқтығын растайтын, барлық жүргізуші үшін міндетті құжат.
"Бұрын азаматтар анықтаманы тек қағаз түрінде, терапевт, психиатр-нарколог, офтальмолог және отоларинголог мамандарынан медициналық тексерістен өткеннен кейін ала алатын. eGov.kz порталында қызмет іске қосылғаннан кейін бұл процесс айтарлықтай жеңілдеді: пайдаланушылар медициналық тексерістен өтіп, электрон үкімет порталында өтінім берген соң анықтаманы электрон форматта рәсімдей алады. Енді құжатты алу одан да оңай: eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану жеткілікті", - деп жазылған хабарламада.
Қызметті пайдалану үшін:
- eGov Mobile қосымшасында тіркелу қажет;
- "Қызметтер" - "Денсаулық сақтау" бөлімін таңдау керек;
- "№ 073/е нысан бойынша медициналық анықтама беру" қызметін таңдау қажет;
- өтінімге Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.
Өтінім жіберілгеннен кейін анықтама пайдаланушының жеке кабинетінің тарихында PDF форматында қолжетімді болады. Құжат оны алған сәттен бастап бір жыл ішінде жарамды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова