Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тағы бір қазақстандықты ғарышқа ұшыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр бүгінде арнайы ғылыми бағдарлама әзірленіп жатқанын жеткізді.
"Бізде бірлескен бастама бар. Ғылыми институттармен бірлесіп, қазақстандық зерттеулерді жалғастыру мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Олар Халықаралық ғарыш станциясында алтыншы бағдарлама шеңберінде зерттеулер тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", - деді Бағдат Мусин.
Оның пікірінше, тағы бір қазақстандықты ғарышқа ұшыру үшін арнайы бағдарлама керек.
"Ғылыми бағдарлама таңдалғаннан кейін яғни біз уақытты анықтап, қазақстандық ғарышкерді Халықаралық ғарыш станциясына жіберу туралы айта аламыз. Біз ғарышкерді ол жаққа жай жібере алмаймыз. Ол үшін тиісті ғылыми бағдарлама қажет", - деді министр.
Ведомство басшысы министрлік бұл бағытта жұмыс басталғанын мәлімдеді.
"Қазір бірнеше ғылыми бағдарлама дайындалып жатыр. Комиссия осы бағдарламаларды таңдайды. Нәтижесінде сол ғылыми бағдарламаға сәйкес ғарышкер де таңдалады. Біз жұмысты енді бастап жатырмыз. Қазір мен нақты уақытты айта алмаймын. Себебі бәрі бюджеттен қаржыландыруға байланысты", - деді Бағдат Мусин.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!