Тағы бір жұмбақ жағдай: Ақмола облысында жеті баланың әкесі іздестіріліп жатыр

Ақмола облысында жеті баланың әкесі іздестіріліп жатыр. Бұл туралы өңірдің Полиция департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция Біржан сал ауданы Кеңащы ауылында хабар-ошарсыз кеткен тұрғын Айжалғас Қайруллиновті іздестіріп жатыр. Жоғалған адамның анасы аудандық полиция бөліміне жүгінген.

"Әйелдің айтуынша, 31 жастағы ер адам кешкі уақытта үйден шығып, содан оралмаған. Содан бері оның қайда екені белгісіз, іздеу жұмыстары шамамен 2,5 айға созылды. Өтініш түскеннен кейін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері іздеу іс-шараларын ұйымдастырды. Бұл жұмысқа облыстық Полиция департаментінің күштері, жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, еріктілер, ер адамның туыстары мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды", - деді Ақмола облысы ПД өкілі.

Іздеу іс-шаралары барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары, қызметтік іздестіру иттері пайдаланылған.

Полицейлер Кеңащы, Ақбұлақ, Заозерное, Қазанқап ауылдарын, орман алқаптарын тексерген.

"Суларға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта сүңгуірлер жұмылдырылып, арнайы жабдықтар пайдаланылды. Сонымен қатар, қараусыз қалған ғимараттар, қосалқы ғимараттар мен құдықтар қаралды", - деді полиция.

Өңір полициясының мәліметіне сүйенсек, жедел тергеу амалдары да жүргізілген. Жедел қызметкерлер ер адамды жоғалып кеткен күні көрген азаматтарды, жақын адамдарын анықтап, жауап алған.

Әзірге іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!