Тараздық Дархан Сәрсенов АҚШ-та өткен калистеника мен кроссфиттен халықаралық турнирге қатысып бірінші орынға ие болды. Massaget.kz тілшісі жүлдегермен сұхбаттасып, жарыстың қызық тұстарына тоқталды.
Калистеника - бұл турник пен брусьяда түрлі гимнастикалық жаттығу жасау мен тартылу спорты. Қазақстандық спортшы Brooklyn Beach Sports Festival 2024-ке бірден екі спорт түрінен қатысып, бірінен 1-орын, екіншісінен 3-орынға иеленген.
Жарыс 3 тамызда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Кони Айленд жағажайында өтті. Оған шамамен 400 адам қатысқан.
"Күн қатты ыстық болды. Негізі бұрын қол күреспен айналыстым, одан бөлек Tartyl Fest-тен 1-орын алғанмын. Биыл көктемде арнайы шақырту келді. Көктемнен жазға дейін тынбай дайындалдым, АҚШ-қа бір жарым ай бұрын келдім. Қазақстаннан өзім ғана қатыстым. Бұл - Үкімет қолдап, жіберген жарыс емес. Былтыр қатысып жүргеннен кейін Американың ұлттық ассоциациясы арнайы шақыртты", - деді ол.
Спортшының айтуынша, жүлде қоры - 3 мың доллар немесе 1 миллион 411 мың теңге. Бір қызығы, бұл қаражат АҚШ-та құртқан шығынын өтеуге де жетпейді.
Айта кетейік, Дархан Сәрсенов жарысқа қатыспай тұрып Туризм және спорт академиясында жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Кейін АҚШ-қа кетерінің алдында жұмыстан шығып, жарысқа ден қою туралы шешім қабылдаған.
Еске салайық, бұған дейін отандасымыз Дархан Сәрсеновпен сұхбаттасқан едік. Ол былтыр да АҚШ-та өткен жарыстарда жалғыз қазақстандық болып, жүлделі орын алып жүрген.
"Пенсильвания штатында қол күрестен турнир өтіп, бірінші орын иеленген болатынмын. Бруклинде стритлифтингтен жарыста да бірінші орын алдым. Сонымен қатар, жақында Нью-Джерсиде кроссфит және стритлифтингтен өткен жарыста жүлделі орын иесі атандым. Әлі де дайындалып жатырмын. Жергілікті спорт ұйымдары мен ассоциациялармен байланысты үзбей жүрмін. Келесі жылы Арнольд Шварценеггердің үлкен турнирі болады. Ол жерге әлемнен адамдар келіп қатысады. Бұйырса сол жарыста Қазақстан туын көтерсем деген жоспар бар".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!