Тағы бес жолда орташа жылдамдық енгізілді

10 шілдеден бастап тағы бес учаскеде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмысын бастайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, жол апатының алдын алудың тиімді шараларының бірі - жолдарда көліктің орташа жылдамдығын бақылау. Бұл тәсіл қауіпті маневрлердің, жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілер бүкіл жол бойы белгіленген жылдамдықты сақтауына ықпал етеді.

2025 жылғы 17 наурыздан бастап республикалық маңызы бар ақылы жолдардың ұзындығы екі мың шақырым болатын сегіз учаскесінде орташа жылдамдық бақыланады.

10 шілдеден бастап бұл жүйе ұзындығы 525 шақырым болатын тағы бес учаскеде іске қосылады:

  • Ақтөбе - Қандыағаш,
  • Алматы - Қорғас,
  • Көкшетау - Петропавл,
  • Астана - Теміртау,
  • Астана - Щучинск тасжолдарының қосымша учаскелері.

"Қазір жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңімен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат - жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау. Статистикаға сәйкес жылдамдықты шамадан тыс арттыру - ауыр зардаптарға әкеп соғатын жол апатының негізгі себептерінің бірі. Жол жүрісіне қатысушыларды белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз" - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз