Қостанайда жоғалып, кейін өлі табылған бес жасар Мәдина Ерланқызы жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі BAQ.KZ басылымына сілтеме жасап.
Аянышты жағдайда қаза болған Мәдинаның отбасына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тапсырмасы бойынша жерлеу рәсімін ұйымдастыруға материалдық көмек көрсетілді. Жұмада кішкентай қыздың жаназасы шығарылып, денесі қара жер қойнына тапсырылды.
© baq.kz сайтынан алынған сурет
Басылым мәліметінше, марқұммен қоштасу Аймағанбет қажы Спанұлы атындағы облыстық мешітте өтті. Мәдинаны соңғы сапарға шығарып салуға келген қала тұрғындарының қарасы көп болды.
"Бабаларымыз қыз баланы несібе дейді. Несібе Алланың алдында сауабы бар. Ер бала – нығмет. Нығметтің Алланың алдында сұрауы бар. Кішкентай Мәдинамызды бүгін соңғы сапараға шығарып, жаназа намазын оқымақпыз. Қызымыздың әкесі осыдан бір жыл бұрын қайтыс болыпты. Енді екеуі бірігіп артында қалған туған туыстарына шапағатшы болсын. Бұл кішкентай ғана қызымыз өмірден өтсе де, ұлт пен ұлысты біріктіріп кетті, - деді Бахытбек Нұрғабылұлы.
Басылым журналисі Мәдинаның жаназасы оқылған сәтте көзіне жас алмаған халық қалмағанын жазған. "Бір сәтте төңірек аза тұтып, өкініштің өксігі анық естіліп тұрды. Кішкентай қызбен қоштасуға келгендердің арасында балалар да болды", - делінген хабарда.