Шимон Соң - 14 жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған корей ұлтының өкілі. Оның Қазақстанға келуінің басты себебі - жан дүниесінің үйлесім таба алмауы, сондықтан ол ерікті болуды таңдаған. Massaget.kz тілшісі кейіпкермен Қазақстанға келгенде қандай қиындыққа тап болғаны, қазақ тілін қалай меңгергені туралы сұхбаттасты.
Қазақстанға көшкеніме өкінбеймін, өкінбедім де!
"Қазақстанға алғаш келгенім әлі есімде. Ұшақтан түсе сала, биік өкшелі аяқкиім киген полиция ханымды көріп, мәдени ерекшелікті сезіндім. Мұнда бәрі басқаша, құдды Қазақстан емес, Ресейге келгендей болдым. Барлығы орысша сөйлесетін. Бұл - 14 жыл бұрын 31 тамызда болған оқиға", - дейді ол.
Әлемдік ірі болат құю компаниясының инженері мен кәсіпкері бір мезетте өмірдің мәні кең пәтер, жоғары лауазым мен қомақты жалақы емес екенін түсінді. Материалдық құндылық үшін өмір сүруге қажыған Шимон Соң туған елінің Мәдениет министрлігі арқылы шетелде корей мәдениетін дәріптейтін еріктілер қатарына қосылады.
Оған Қазақстаннан бөлек, Түркия, Африка елдеріне ұсыныс жасалған, бірақ кейіпкердің жүрек қалауы Қазақстанға түседі. Алдымен Алматыда 3 ай өмір сүреді, кейін мегаполистен тыныш Ақтөбеге көшеді. Ақтөбеде 12 жыл бойы жүзден аса студентке корей тілінен сабақ береді, бұдан басқа оларға Кореяның оқу орындарына түсуге көмектеседі.
Кейіпкердің айтуынша, Қазақстанға келгенде қазақша бір де бір сөз білмейтін, бірақ сол жылдары көбі орыс тілінде сөйлегеннен көп қиындыққа тап болған. Бір қызығы, қазақ тілін небәрі 10 ай ішінде меңгеріп алса, орыс тіліне әлі де қиналатынын айтады.
Қазақты түсіну үшін қазақ тілін меңгеруді жөн көрдік
"Әуежайдан түсіп, қонақүйге орналастық. Дүкеннен сусын алғым келген. Біздің дүкендерде сатушымен қарым-қатынасқа түсудің қажеті жоқ, қазір тіпті кей дүкенде сатушы да жоқ. Ал Қазақстанда сусын сатып алу үшін сатушыдан сұрау керек екен. Не айтарымды білмедім. Есіме түскені Cola мен Fanta болды, - дейді кейіпкер.
Кейіпкердің айтуынша, қазақ пен корей тілі бір тіл семьясына жатқандықтан, оны үйрену қатты қиындыққа соқпады. Бірден курсқа жазылып, 10 ай ішінде кітап оқи алатын деңгейге жеткен. Әсіресе Абайдың "Қара сөздері" оған ерекше әсер қалдырған, одан бөлек Тұрсынбек Қабатовтың әзілдерін ұнатады. Ал қазір ол Орхан Памуктың "Сезім музейі" романының қазақша нұсқасын оқып, ләззат алатынын айтты.
Шимон Соңның кітап сөресінде "Абай жолы" роман-эпопеясы, "Көшпенділер", Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, қазақ әдебиетінің хрестоматиясы, қазақ этнографиясы, Қазақстан тарихы, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жинақталған. Ал сөре жанында қамшы ілініп тұр.
Кейіпкер 14 жыл ішінде қазақ дәстүрін жетік меңгергенін, тіпті бірнеше тойға барып үлгергенін айтты. Оның сөзінше, қазақтар мен корейлердің салты ұқсас. Мәселен, "қырқынан шығару", "тұсау кесу" екі ұлтқа да тән. Бірақ корейлер бала дүниеге келгенде 25 күннен кейін шығарады. Ал "тұсау кесу" рәсімін корейлер "дол" деп атайды. Онда да қаз тұрған баланың алдына кітап, қарындаш, ақша қояды.
Басты ұқсастық - үлкенді сыйлау мәдениеті
Корей отбасында қазақ салтындағы ұнамды дәстүр - үйлену тойы. Алғаш үйлену тойына барғандағы қызық оқиғалары да есінде.
"Кореяда той рәсімі шамамен 2 сағатта бітеді, ал біз Қазақстандағы алғашқы тойымыздың басталуын 2 сағат күттік. Келіннің үлкендерге құрметі ретінде салған сәлемі сүйсіндірді, біздің сәлем беру салтымызбен ұқсас екен", - дейді Шимон Сон.
"Мақсатым - адамдарға көмектесу"
Кейіпкердің Кореяда бизнесі мен тұрақты жұмысы, қымбат көлігі мен кең пәтері болған, қазір Қазақстанда пәтерді жалдап тұрады. Оның жалақысы да ондай көп емес, бірақ ерлі-зайыпты бұған еш шағымданбайды, себебі уақытының көп бөлігін еріктілікке жұмсайды.
Шимон Соңның жұбайы корей тілін үйретуден басқа Ақтөбеде есту қабілеті нашар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында шаштараз ашқан. Оның айтуынша, мектептен соң оларға лайық жұмыс орнын табу қиын. Бұдан бірнеше жыл бұрын шаштаразда қызмет ететін, Жанар Есетованың еміне Кореяда жәрмеңке өткізіп, 10 мың доллар көлемінде қаржы жинап, көмек көрсеткен. Одан басқа, олар қоғамдағы түрлі жағдайға бей-жай қарамай, әрдайым көмек қолын созуға ұмтылады.
Ол алдымен Алматыда қазақ отбасымен бір үйде тұрғанын айтты. Қазақтар оларды жылы қарсы алып, Қазақстанға бірден үйреніп кетулеріне септігін тигізген. Кейіпкер неге Сеулге ұқсайтын Алматыдан Ақтөбеге көшкенін де баяндады.
"Алматы Сеул сияқты. Мұнда көлік те, адам да көп. Оның үстіне, корей тілін үйрететін орталық та бар. Сондықтан тыныш қалаға көшкіміз келді. Ақтөбеде қазақ жастары корей тілін үйренгісі келетінін естідік. Сондықтан бағытымыз сонда түсті. Кейін білімімді шыңдау мақсатында Астанаға көштік", - дейді ол.
Кейіпкердің биыл Астанаға көшкеніне 3 жылдан асты. Оның айтуынша, 10 жылдан аса уақыт ішінде қазақтарды жанына жақын тартып үлгерген. Қазір Орта Азия халықтарының ерекшеліктерін зерттегісі келеді, сондықтан ол оқуға түсуге дайындалып жатқанын айтты. Шимон Соң алдағы 10 жылдығын Қазақстанда өткізуді жоспарлап отырғанын, елдің экономикасы, мәдениеті мен әлеуметін дамытуға атсалысуға ниетті екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!