Қазір тамаққа қосатын шөптердің түрі көп. Аскөк, ақжелкен, насыбайгүл, жалбыз, шпинат және басқа да тағамдық жасыл шөптер - дұрыс тамақтанудың маңызды бөлігі. Оларды рационға қосу ағзаның жұмысын жақсарта түседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ендеше ғылыми зерттеулерге сүйеніп, тағамдық шөптердің кейбір артықшылықтарына тоқталып өтейік:
Жасылдарда А, С, К дәрумені және фолий қышқылы сияқты көптеген дәрумен бар. Сондай-ақ, олардың құрамынан минералдардан калий, кальций, темір және магнийді кездестіреміз. Мұндай өсімдіктердің көп түрінде денені бос радикалдардың зақымдануынан қорғайтын антиоксиданттар бар. Антиоксиданттар жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісік сияқты созылмалы аурулардың дамуын тежейді.
Шөптесін өсімдіктер ас қорытуға және ішектің жүйелілігіне ықпал етеді. Оларды күнделікті рационға қосу арқылы іш қатудың алдын алып, ішекте сау микрофлораны сақтауға болады. Мысалы, аскөк карминативті қасиетімен газды азайтып, ісіну мен құрысуды жеңілдетеді.
Шпинат пен қырыққабат сияқты бета-каротинге бай жасылдар көруді жақсартады, көз саулығын сақтайды.
Тағамдық өсімдіктер жүрек саулығына да көмекші. Олардың құрамындағы антиоксиданттар мен фитонутриенттер қандағы холестеринді төмендетеді.
Аскөк сияқты хош иіске ие өсімдіктер жүйке жүйесін тыныштандырып, стрессті жеңілдетеді, көңіл күйді жақсартуға көмектеседі.
Шөптесін жасылдар бірнеше себептерге байланысты салмақ тастау процесінде де пайдалы.
Калориясы аз. Шпинат, салат жапырақтары, аскөк, ақжелкен және насыбайгүл сияқты жасылдар-төмен калориялы. Диетада оларды көп мөлшерде тұтынуға болады. Бұл калория балансын бақылауға және салмақ жоғалту үшін калория тапшылығының болуына мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтып өткендей, минералдар мен антиоксиданттарға бай шөптесіндер калорияны азайту кезінде денені қоректік заттармен қамтамасыз етеді.
Дегенмен салмақ жоғалту жалпы калория балансына және белсенді өмір салтына байланысты екенін ескеру маңызды.
Жалпы тағамдық шөптесін өсімдіктерді пайдаланудың пайдасы көп болғанымен, кейбіреулерде жеке реакциялар немесе шектеулер болуы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн.
Жазира Бекболатова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!