Биыл Қазақстан армиясында жағаұстатар бірнеше жайт болды. Бірі - лейтенант қолынан қаза тапса, енді бірі әлімжеттік құрбаны болған. Ал суицид жасап, өмірін қиған сарбаз саны 100-ге таяу. Massaget.kz тілшісі биыл ел есінде қалған әскери істерге шолу жасады.
Бұл оқиға жыл басында үлкен резонанс тудырды. Ақтауда командир жаңадан келген сарбаздың басынан отырғышпен, қалғандардың басынан таяқпен ұрған.
Ақтауда орналасқан 25744 әскери бөлімінің әскери қызметкері қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыпталған. Бірақ кейін Ақтөбе гарнизоны Әскери соты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан.
Бас әскери прокуратура мәліметінше, сарбазды ұрған командир 2017 жылдан 2024 жылға дейін Қорғаныс министрлігінде қызмет еткен. 2017 жылдан 2021 жылға дейін Құрлық әскерінің Әскери институтында оқыған. Офицерлік қызметте 2021 жылғы маусымнан 2024 жылғы наурызға дейін қызмет атқарды.
Әскерге былтыр қазанда шақыртылған Досымжан Сәлімжан жансақтау бөліміне түскен. Ал бүгін 19 жастағы жігіт көз жұмды. Бұл туралы сарбаздың жеңгесі редакция тілшісіне растады.
Досымжан Сәлімжан былтыр күзгі шақырылымда өз қалауымен әскерге кеткен. Алайда көп ұзамай бала бүйрегіне, өкпесіне шағымданып, ауруханаға түскен. Сарбаз Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонында қызмет еткен. Денсаулығы күрт нашарлай бастағанда алдымен Сарыөзектегі ауруханаға жүгінген. Онда баланың асқазаны тазаланған. Кейін ол жедел түрде Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінің жансақтау бөліміне жатқызылған. 10 күннен кейін баланың жүрегі тоқтап қалған.
Қазанда 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжанның өліміне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушы Жанбота Шәкіров "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
29 қазанда Алматы гарнизоны әскери соты Жанбота Шәкіровті лейтенант атағынан айырып, марқұм сарбаздың отбасына 10 миллион теңге моральдық шығын төлеуге талап қойды.
Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жатқан сарбаз әлімжеттік құрбаны болған. Әскерде жүргеніне небәрі 23 күн өткенде қостанайлық 19 жастағы Нұржігіт Әбдіпатта комадан бір-ақ шыққан. Кейін Тоқаев бұл іске қатысты шұғыл тапсырма берді.
Құқық қорғау органдары Қылмыстық
кодекстің 451-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Дәрігерлер сарбаз ауруханаға қандай диагнозбен түскенін айтты.
"2005 жылғы науқас Нұржігіт Асанұлына полисегментарлық пневмония (вирусты этиология болуы да ықтимал) диагнозы қойылған. Науқас кеуде тұсынан соққы алғанын айтқан. Демалуы қиын, өкпесі зақымданған. 3-4 сатыдағы инфекциялық уытты шок. Сепсис. Мидың гипоксиялық ісінуі, 2-3 сатыдағы ми комасы. Қанның таратылған тамырішілік ұюы. 9 маусымнан бері (4 тәулік) клиникалық өлім жағдайында. Көптеген органның жеткіліксіздігіне байланысты науқастың жағдайы аса ауыр халде сақталады. Бүйректі алмастыру терапиясы жалғасып жатыр", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген хабарламасында.
Кейін сарбаз есін жиып, ауруханадан шыққаны белгілі болды.
Әскерде жүріп басынан жарақат алып, мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтардың хикаясы да қоғамды дүр сілкіндірді. Әскери бөлімнің айтуынша, түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз, өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. Оқиға былтыр 4 желтоқсанда болған.
Кейін сарбаз Ербаянға ота жасалып, беті бері қарап келе жатқан сәтте әскерилер әскери госпитальға ата-анасының рұқсатынсыз алып кеткен. Госпитальда сарбазға ота жасалып, миының үштен-бір бөлігі кесілген.
Сарбаздың адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаян өзі құламаған, жарақатын әскердегі әлімжеттікке байланысты алды деп мәлімдеді.
Қатардағы жауынгер Мұхтардың басынан соққы алуына байланысты Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сарбаздың әкесіне Ұлттық ұлан тарапынан қаржылай көмек көрсету туралы ұсыныс түскен. Бірақ белгісіз себептермен келісім орындалмаған.
"Желтоқсанның 10-на қарай Ұлттық ұланның 5571 команда бригадирі тарапынан "Пәтерін алып, еміне көмектесеміз. Аяғынан тұрғанға дейін қолдау көрсетейік" деген ұсыныс айтылды, біз келістік. Бірақ ұсыныс жүзеге аспады, арада не болғанын білмеймін. Жоғарыдан ұлымның көзін құртыңдар деген бұйрық түсті ма, белгісіз", - дейді Аймағамбетов.
Қазақстандықтар ауыр халде жатқан сарбаздың еміне жұмыла көмек беріп, 227 миллион теңге жинады. Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова да көмек қолын созуға уәде етті. Алдымен Ербаян Германиядағы клиникалардың біріне ем алуға тиіс еді, бірақ жоспар өзгеріп, ол Ыстамбұлға кететіні мәлім болды.
15 қарашада Жаркенттегі №74261 әскери бөлімінде 26 жастағы капитан Дархан Дәулет өлі табылды. Ата-анасының сөзінше, біреулер оның аузына қолғап тығып, аяқ-қолын байлап, далаға лақтырып кеткен.
"Екі айда баламды өлтіріп, қолыма берді. Көргендер "бір майор бұйрық беріпті" дейді. Үш сарбаз жабылып, қол-аяғын байлап, тепкілеп, аузына қолғабын тығыпты", - дейді Дарханның атасы Дәулет Мақаев.
26 жастағы Дәулет Нұрланұлы №74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы, капитан болған. Ол Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің институтында оқыған. Отар гарнизонында біраз уақыт қызмет еткен. Жаркенттегі №74261 әскери бөліміне екі ай бұрын ауысқан.
Бұл жағдайды әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов түсіндірді.
"Жастардың әскерге барғысы келмеуінің көптеген себебі бар. Бір мысал келтірейін. Өткен ғасырда, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында әскерге баратын адамдар қолы жұқа, кедей, жұмысшылар болған. Олардың білімі толық емес, киімі бүтін емес, тамағы тоқ емес болған. Ал әскерге барған кезде жаңағы мәселелері түгел шешілген. Әскерде оларға кей мамандықты меңгерткен, көптеген нәрсе үйреткен. Сондықтан ол кезде әскерден келген адам ауылдағы немесе қаладағы басқа балалардан жиі бір саты жоғары саналған. Қазіргі кезде әскердегі жағдай сол бетімен қалған сияқты, ал адамдардың өмірі өзгеріп кетті. Қазір жігіттердің қолдарында гаджеттері бар, барам деген жеріне бара алады, қаражаты бар, киімі бүтін, білімі бар. Оларды алып келеді де, әскердегі жоғарыда айтқандай, шартты қойып қойса, олар өздерін түрмеге түскендей сезінеді. Оған қоса, әскерде тәртіпті сұрайды. Көбі үйде ерке болып және ештеңеге мұқтаж болмай өседі. Сондай-ақ әскерде зорлық-зомбылық көрсететін жағдайлар бар. Ақшаларын алып алады. Қазір әлеуметтік желі арқылы бәрі тарап кетеді. Әрине, мұндайды естіген жас жігіттер барғысы келмейді", - дейді сарапшы.
Қорғаныс министрінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қазақстан армиясында өлім-жітім неге жиілегенін айтқан еді.
"Біріншіден, бейбіт уақытта әскери қызметшілер армияда өліп жатыр, екіншіден, жеке құрамда әлімжеттік бар деген қоғамда қате түсінік бар. Әскердегі өлім-жітім, жарақаттану сынды әскери қызметтегі қауіпті факторларға тоқталайын. Армия - спецификалық әлеуметтік организм. Онда өміріңізге қауіп төнетін жағдайлар болады. Бұл - жауынгерлік техниканы пайдалану, жаттығулар, атыс, маневр және шерулер. Сондай-ақ әскери қызметшілер нақты жауынгерлік құралдарды пайдаланады", - деді Шайх-Хасан Жазықбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік жағдайды талдағаннан кейін әскери қызметшілердің өлімі мен жарақаттануының негізгі себебін анықтаған:
Анықтама: Биыл әскерге шақыртылғандар саны өсті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, наурыз-маусым және қыркүйек айларында кейінге қалдыруға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 40 202 ер адам әскерге шақыртылған. Бұған дейін биыл 39 180 қазақстандықты әскерге шақыру жоспарланған болатын.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев әскердегі қайғылы жағдайдың статистикасын келтірген еді. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал кейінгі төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өзіне-өзі қол салуға оқталған. Депутат бұл ресми санды әскери прокуратура мәлімдегенін айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз