“Табысынан ұстап қалу керек“. Депутат Мәжілісте маңызды ұсыныс жасады

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, елде қарттар үйін паналайтындар көбейгенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қарты бар үйдің қазынасы бар деген құндылықтың мәнін ұқпаған жетесіз ұрпақ көбейіп барады. 

"Көптеген жеке орталықта орын тапшылығы байқалады. Қарттардың осындай мекемелерге орналасу үрдісі тұрақты түрде артып барады. Өз баласы өзекке теуіп, өксігі ұлғайған, көкірегіне шер байланған шерменде қарттардың барлығы асыраушы балалары жоқ тұл адамдар емес. Қарттар үйін паналағандардың ішінде балалары лауазымды қызмет атқаратын, кәсіппен айналысатын, ұрпақтары бақуатты тұратын бейбақтар да бар", - деді ол.

Бұл тұста депутат бір ұсыныс жасады.

"Қарттар үйін паналауға мәжбүр болған қариялардың дәрі-дәрмегі, шипажайларда емделуі, тағы басқа материалдық қажеттілігі үшін өмірдегі ең қымбат ата-анасын керексіз қылған көкек балаларының табысынан ұстап отыруды ұсынамын", - деді ол.

Анықтама: Бүгінде елімізде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 45 мемлекеттік орталық (қарттар үйлері) жұмыс істейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес 2024 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша осы орталықтарда 5,9 мың егде жастағы адам бар. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!