Алматыда 29 жастағы әйел екі баласының көзінше өзіне қол жұмсады. Келіншек өз үйінде басқа тағатын орамалына асылып қалған. Куәгерлердің айтуынша, анасының суицид жасағанын 1 және 5 жасар кішкентей қыздары көріп, ештеңе түсінбей, жылай берген. Марқұм келіншек Қырғызстан азаматы екен. Көршілері күйеуінің озбырлығына шыдай алмай өмірімен қош айтысқан деп топшылайды. Қазір полиция қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға алдыңғы күні кешкі сағат ондар шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен 5 жасар қыз терезеден жанұшыра айғайлап көмек сұрапты. Баланың жылаған дауысын алғаш болып аулада демалып отырған Нұргүл Әлікбаева естіген. Келіншек алып-ұшып пәтерге қарай жүгіріпті. Алайда үйдің ішіне кіргенде бәрі тым кеш болған. Ол өз орамалына асылып тұрған көршісінің жан тапсырғанын көріп, бірден полицияға хабарлаған.
"Бір кішкентай баласы жерде жатыр екен жылап. Үлкен қыз жүгіріп алдымнан шықты да "Маманы түсіріңізші, маманы түсіріңізші" деді. Мен түсірмедім. Полиция мен жедел жәрдемге хабарластым. Күндіз тағып жүрген орамалы болған. Сонымен босағасында асылып тұр екен. Аяқ-басы бәрі көгеріп кеткен. Тілі шығып кеткен. Кеш екенін түсіндім. Кеткені бірден білініп тұрды", - дейді оқиға куәгері Нұргүл Әлікбаева.
Көршілерінің айтуынша, діндар күйеуі жұбайына күн көрсетпей, жиі ұрып-соғады. Жантүршігерлік оқиға болған Мамыр-4 ықшамауданының тұрғындары марқұм зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, өзіне қол жұмсауы мүмкін деп топшылайды.
"Марқұммен жақын араласқан тұрғындар болды. Кеше олар осы отбасындағы барлық жағдайды баяндап берді. Олардың айтуынша, үш баланың анасы күйеуінен жиі таяқ жейтін. Ешкімде қақ-соғы жоқ әйел тігінші болып жұмыс істеген. Тапқан табысын да күйеуі қолына ұстатпайды екен. Марқұм хиджаб киіп жүретін, күйеуінің қоғадай сақалы бар екенін көргенбіз", - дейді көршісі Жібек Әменова.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда әйел өзіне қол жұмсағанын жазған едік.
Алматыдағы Мамыр шағынауданында өзіне қол жұмсау дерегі болғанын қоғам белсендісі Жібек Әменова әлеуметтік желіде жариялады.
Алматы полициясы бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!