Мақсатына берік адамдар кітап оқитын қоғамнан шығады. Бұл туралы Жастар департаментінің директоры Жамбыл Тілепов айтты. Ол сонымен қатар табысты адамдардың әдеттеріне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
- Сіздің ойыңызша, өзіне үлкен талап қойған адам қандай кітаптар оқуға тиіс?
Кітап оқу - қай уақытта болмасын маңыздылығын жоғалтпаған, адамзатты өрге жетелеуші құралдың бірден-бірі. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ермегі кітап болған қауым үшін, кез келген мемлекет тап болатын сын-қатерлер қауіп емес. Ал жасампаз адамдар дәл осындай қоғамнан шығады деп есептеймін.
Оқырманның әр жазушымен таныса келе, әр жанрды оқи келе, өзінің белгілі бір деңгейде кітапқа деген талғамы мен таңдауы қалыптасады. Өмірлік мақсаты айқын, діттеген межесіне зор үмітпен, ерік-жігермен талпынған адамның қандай кітапты серік ететіні айқын көрінеді. Небір тұлғалардың өмір жолы сипатталған автобиографиялық әңгімелері, түрлі естелік пен оқиғаларға толы мемуарлар, драмалық романдар - жасампаздыққа ұмтылған әр адамның сүйікті жанры. Сол шығармалардағы кейіпкер мен мысалдар - олар үшін құнды өмірлік сабақпен пара-пар. Жасампаз адамдардың таңдауларының ерекшелігі де осында деп есептеймін.
- Бүгінгі таңда кітап дүкендерінде бизнес және тұлғалық даму туралы туындылар толып тұр. Мотивацияық кітаптар туралы ойыңыз қандай?
Табысты адамдардың өмірінде қалыптасқан бірнеше әдеттер болады. Соның бірі - кітап оқу. Жетістікке жетудің әр баспалдағынан өткен тұлға үшін бірінші кезекте дәл осы дағды тұр десем, артық айтқаным емес. Алыс-жақын шетелде болсын, өзіміздің қазақ қоғамында да әуелі сол елдің түп тарихындағы тұлғалардан бастап, бүгінгі қайраткерлерге дейін өмірін зерделейді. Әр бағыт бойынша табысты болудың тетіктерін іздейді. Осыдан келіп іскерлік әдебиеттің жанкүйерлері шығады. Аңғарсаңыздар, қазіргі уақытта бизнеске бағыттайтын, жетістікке жетудің жолын үйрететін кітаптар көп. Дегенмен, олардың барлығын төл әдебиет туындыларына жатқыза алмаймыз.
- Кітап адамды қалай өзгертеді?
Әңгімемнің о басында-ақ айтқанымдай, кітап оқыған адамның таным көкжиегі артады, көкірек көзі ашылады. Ал көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың қоғамға қосар үлесі де зор. Рухани бай адам қашан да адамзат үшін үлкен ерліктерге барады. Альберт Эйнштейн "Жетістікке жетуге ұмтылма, пайдалы болуға тырыс" дейтін сөзін негізге алсақ, жетістікке жеткен адам деп қоғамға қызмет еткен адамды айтар едік.
Кітап - адам баласына сыни тұрғыдан ойлауға және интеллектуалдық өсуге, жаңа мәдени идеялар мен тенденцияларды дамытуға, әртүрлі тәжірибелері мен эмоцияларын тереңірек түсінуге ықпал етеді. Сонымен қатар, шешім қабылдауға, жақсы мен жаманды айыра білуге, моральдық тұрғыдан өсуге зор септігін тигізеді. Адам жай ғана өмірге келіп, жасарын жасап, асарын асап, ешқандай із қалдырмай кете берсе, оның болмысы кемеліне жетті деп айту қиын. "Артық білім кітапта" демекші, неғұрлым көп біліп, көп оқыған сайын, соғұрлым болмысыңды ашып, бітіміңді таныта аласың деп тұжырымдаймын.
- Әңгімеңізге рахмет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!