Ақтөбе облысында алимент төлеуден жалтарған ер адам бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында алимент төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылған азамат бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, жазасын Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде өтеп жүр. Қазір оның жалақысының 50 пайызы баласының күтіміне жұмсалып жатыр.
2020 жылы Ақтөбе облысында сот Мұғалжар ауданының 31 жастағы тұрғыны Н.-ға баласының күтімі үшін жұбайына алимент төлеп отыруға шешімі шығарды. Алайда Н. есімді ер адам сот міндеттеген талапты орындамай, алимент төлемеген. Бұған байланысты ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылады. Сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін біле тұра, бұдан кейін де міндетін орындамаған Н. есімді ер адам 3 айдан аса уақыт алимент төлемеген. Ол жұмыс істеп, еңбекақы алып отырса да, жұмыс орны мен табыс көзі туралы мәліметтерді жеке сот орындаушысына хабарламай, табыс көзін жасырған.
Бұған байланысты сот шешімімен ер адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
"Ер адам өзінің әкелік құқығынан бас тартып, сот белгілеп берген алимент төлеу міндеттемелерін орындамағаны үшін және міндеттемелерін елемегені үшін сотталып, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылып, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебіне алынған. Қазір ол пробация қызметінің есебінде тұрып жазасын өтейді және жалақысының 50 пайызын кәмелетке толмаған қызының күтіміне жұмсап отыр", - дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!