Instagram-да Германияда табиғи ірімшік пен йогурт бәрі үшін зиян деп танылғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Германияда әдеттегі сүт өнімдері зиянды деп танылғаны туралы қауесет Bild порталының 2023 жылғы 14 маусымдағы мақаласына негізделген. Онда балаларды артық салмақтан қорғауға бағытталған Федералды азық-түлік министрі Джем Оздемирдің заң жобасы туралы жазылған. Ол үшін Оздемир және оның партияластары балалар телеарналарында, мектептер мен оқу орындарының жанында қант пен майы жоғары тағамдарды жарнамалауға тыйым салуды ұсынады.
Оздемир жобасында майдың үлесі әр 100 грамм өнімге - 17 грамнан асатын өнімдер майлы сүт өнімдері. Bild порталындағы мақалада сары май да, табиғи ірімшік те осы стандартқа сәйкес келмейтіні есептеліп, көрсетілді деп жазылған. Сондай-ақ, Оздемир жобасында йогурттардың майлылығының шегі белгіленген, ол 100 грамм өнімге 3,5 грамнан аспауы керек. Яғни, майлылығы 3.5 немесе 3.8 граммдық табиғи йогурттардың жарнамасына да тыйым салынуы мүмкін.
Алайда Джем Оздемирдің өзі және оның командасы олар ұсынған шаралар әлі аяғына дейін пысықталмаған жоба екенін айтып жатыр. Сонымен қатар, саясаткер ірімшік пен майлар, әдетте, балалар телеарналарында жарнамаланбайтынын, сондықтан оларды жарнамалауға тыйым салынатынына алаңдамауға болатынын атап өтті.
Мұның бәрі - заң жобасы. Оған қарсы пікір білдірушілер де аз емес. Оны қабылдай ма, жоқ па - әлі белгісіз. Олай болса, Германияда ірімшік пен йогурттарды жарнамалауға тыйым салынды деп айтқан дұрыс емес.
Оның үстіне, Джем Оздемир де, неміс саясаткерлерінің ешқайсысы да сүт өнімдері барлығына зиянды және оларды жеуге тыйым салынды деп айтқан емес. Демек, әлеуметтік желіде таралған ақпарат - жалған және деректерді бұрмалау.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!