- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Табиғи газға ең...
"Табиғи газға ең қымбат тарифпен төлеп отыр" - Мақсат Толықбай Алматы облысы тұрғындарының жанайқайын жеткізді
Алматы облысы, Қарасай ауданында қалыптасқан күрделі әлеуметтік жағдай мен ауданның мыңдаған тұрғындары Қазақстан бойынша табиғи газға ең қымбат тарифпен төлеп отырмыз деп шағымданған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, 500-ге жуық адам Мәжіліс депутаттарына шұғыл байланысқа шығып, хабарласқан. Мақсат Толықбай 26 мамырда ауданға келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдаған.
"Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр. Наразылыққа себеп - Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді ондаған елді мекенді, сондай-ақ, "Арай" және "Дархан" саяжайларын газбен қамтып отырған "Сигма Газ" ЖШС-нің қожайындары бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге өсіруі болды. Ал, сол жердегі басқа компаниядан газ алатын, іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың бір текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл өте үлкен айырмашылық", - дейді депутат.
Мақсат Толықбайдың сөзінше, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында "Сигма Газ" ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заңбұзушылық фактілерді анықтаған. Анықтап қана қоймай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164 және 167 баптарына сәйкес, "Сигма Газ" ЖШС-не қатысты 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған.
"Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, газдың бағасын негізсіз көтерген аталған компания шекті баға деңгейін әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған болатын. Алайда, "Сигма Газ" ЖШС бұл шешімді әлі орындамады. Сондай-ақ, тұрғындар "Сигма Газ" ЖШС құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлейтіндеріне наразы. Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары. Осы ретте, мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада қажетті шешім қабылдауларыңызды сұраймын", - дейді Мәжіліс депутаты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина