Су басқан өңірлердегі зардап шеккен қазақстандықтарға тұрмыстық техника сатып алу үшін қосымша 550 мың теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол су тасқынына қатысты жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатқанын атап өтті.
"Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтты. Өте күрделі ахуал қалыптасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастады.
Үкіметте Төтенше жағдайлар министрлігінде, өңірлерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, проблемалардың барлығы жергілікті жерлерде жедел қаралып, шұғыл шешімдер қабылданып жатыр. Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталған.
"Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қой қойдым. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 АЕК (553 800 теңге) төлейміз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі. Азаматтарға айтатыным, сабырлық сақтаныңыздар. Ешкім де көмексіз қалмайды Бұл мәселелердің барлығы Президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан аброймен өтеміз деп білемін", - деді премьер-министр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!