Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімі Жеңіс Қасымбекті және оның командасын мақтады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін Астанада "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінде Қазақстан тарихи, тағдыршешті өзгерістер дәуіріне қадам басты. Қоғам өмірінің барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
"Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар - мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр. Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек", - деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл мәселеге баса назар аударып, оны жеке бақылауында ұстауға уәде берді. Қасым-Жомарт Тоқаев қойылған талаптар мен ережелерді бұзғандар заңға сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертті.
"Біздің мақсатымыз - айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана - Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз. Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да - қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі", - деп атап өтті Президент.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz