- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Таба алмай жатырмыз"....
"Таба алмай жатырмыз". Таразда сауда орны басшылығы кәсіпкерлерді алдап кеткен
Тараздағы ең ірі сауда орындарының бірі 200-ден астам кәсіпкерді алдап кеткен. "Алданып, ақшамыздан қағылдық" дегендер супермаркет алдына жиналып шу шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ktk арнасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, сауда нүктесі кәсіпкерлерден екі ай бұрын сатып алған түрлі азық-түлік тауарларының ақысын әлі күнге дейін төлмеген. Олардың бүгінгі берешегі 300 млн теңгеге жетіпті. Соның салдарынан саудагерлер шығынға батып банкрот болуға шақ тұр. Ал бұған сауда орталығының қожайыны мен ондағы супермаркетті жалға алған әйелі екеуінің ажырасып, бар қарызды бір-біріне сілтеп жатқаны себеп көрінеді.
Ажар Бекболатова "Нұрислам" сауда орталығына жеті жылдан бері шұжық жеткізеді. Талай уақыт сенімді серіктесіне айналған супермаркет енді кісі ақысын жеп отыр деп налиды.
"Қазір ол кісілер ЖК жауып, басқасына аударып біздің қарызымызды бермей жатыр. "Менің қатысым жоқ, ақшаның бәрі әйелімде, ал әйелімнің қай жақта екенін білмеймін" дейді. Ең азы осы бізде шығар. Қалғандарында 27, 30 деп кете береді. Бізді отбасына араластырмай, ақшамызды қайтарып берсе болды", - деді кәсіпкер Ажар Бекболатова.
Осылайша ерлі-зайыптылардың отбасылық кикілжіңінен 50-ден астам кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Алды 2, соңы 50 млн теңгеге жетеді. Алайда сол уақытта супермаркеттің құжат жүзіндегі қожайыны Қазақбаева болғанымен, түрін де көрмегенбіз дейді тауар тасушылар. Келіссөздің бәрі оның күйеуі арқылы жүріп отырғанын айтады.
"Сотқа беріңдер, Қазақбаева Гүлжаханды таба алмай жатырмыз. Қашып кетті, ақшаның бәрін шешіп. Ол әйелі болады. Бір отбасының кесірінен қанша кәсіпкерлер айлықты төлей алмай жүр, салық, несиемізді, бәрін төлей алмай жатырмыз", - деді кәсіпкер Әлия Көбекбаева.
Сауда үйінің қожайыны ақысын сұраған саудагерлерге қарасын да көрсетпеді. Жауабын атқарушы директор арқылы жолдады.
"Қазір орталықтағы қызметкерлер, тауар тасымалдаушылар мен өзімді қосқанда 260 адам ақысын ала алмай жүр. Бұрынғы дүкен иесі жұмысшыларына жалпы соммасы 19 млн теңге жалақы төлеуі тиіс. Ал сауда орталығының қожайыны Серік Қожабайұлы жалға беріп келген супермаркетті жақында ғана өз атына рәсімдеді. Әйелімен заңды түрде ажырасып жатқанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе оң шешілетін болса, шығынды кім өтеуге міндетті екені сіздерге де түсінікті деп ойлаймын", - деді сауда орталығының атқарушы директоры Рамазан Ысқақов.
Полиция департаменті кәсіпкерлер тарапынан әзірге 14 арыздың түскенін мәлімдеді. Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы