- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сіздерге сене алмаймын"....
"Сіздерге сене алмаймын". Депутат Ринат Зайытов Үкімет жұмысына күмән келтірді
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет қолға алған жобалар тиісті деңгейде іске асырылмай жатқанын, олардың сөзіне сенбейтінін ашық айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тамара Қасымқызы, баяндамаңызда барлық жоспарланған жұмыс Үкіметтің бақылауында екеніне сендіргім келеді дедіңіз. Менің де сенгім келеді. Бірақ сене алмаймын. Өйткені, сіз сөзіңізде депутаттардың ұсынысы ескерілді дедіңіз. Менің сөзімді қаперіне алып жатқан министрлік өкілін әлі күнге дейін көрмедім", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Ринат Зайытов мемлекеттік жобалардің игілігін халық көре алмай отырғанын атап өтті. Ол жобаларды іске асырылмаған басшылардың атын атауды сұрады.
"Әнеугүні ең болмаса МӘМС-ті тоқтата тұрайық дедім. Оны ешкім ескермеді. Бір апта бұрын тағы да Ақтоғай елді мекенінде ауруханаға жете алмай 1994 жылғы жігіт қайтыс болды. Содан кейін сіз баға 15 пайыздан аспайды дедіңіз. Бұған да сену қиын. Елді мекендерді 2027 жылға дейін газбен қамтамасыз етеміз дейсіз. Мен бұған мүлдем сенбеймін.
Мысалы, Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас елді мекенінде осыдан үш жыл бұрын құбырын, бәрін тартып қойған. Құбырлар шіри бастады, газ әлі жоқ.
2 жылда жүздеген ауылды сумен қамтамасыз етеміз дедіңіздер. Бұларыңыз да өтірік. Өйткені Аягөз ауданындағы қарапайым 3 ауылды сумен қамтамасыз ете алмай отырғанына 10 жылдан асып кетті.
"Жайлы мектеп" жобасы бойынша 369 мектеп саламын дегендеріңізге мүлдем сенбеймін. Айып етпеңіздер, Астана-Алматы тасжолы келесі жылы бітеді дейсіздер. Қалбатау-Майқапшағай жолының бітпей жатқанына қанша жыл болғанын білетін шығарсыздар.
Осыған байланысты сұрақ. Құрметті Тамара Қасымқызы, жоспарлап отырған істеріңіз орындалмай қалса, мойнына жауапкершілікті кім алады? Нақты соның аты-жөнін айтыңызшы", - деді ол.
Вице-премьер Үкімет жұмыс істеп жатқанын, бірақ кемшіліктер барын мойындады.
"Үкімет тарапынан ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Қазір әріптестерім жанымда отыр. Қандай жұмыстар істелгенін, оның қоғамда қалай қабылданғанын, жалпы бизнес бойынша жұмыстар қалай істеліп жатқанын көріп отырсыздар. Сондықтан барлық мәселе шешілмей жатыр, қаралмай жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ жұмыс пен адам бар жерде кемшілік те бар. Кемшілік жоқ, барлық жерде керемет жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз", - деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!