“Сіздердікі сылдырлаған құр сөз“. Депутат Сабильянов министр Жақыповаға ұрсып тастады

Фото: Видео кадры

Депутат Нұртай Сабильянов Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға ашық сұрақ қойды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат не талап етті?

Сабильяновтың сөзінше, министрлік тарапынан түрлі жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанымен, қатаң қадағалау жоқ.

"Мемлекет тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын ашу үшін көптеген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ол бұрыннан да жүзеге асырылып келе жатыр. Бірақ осы бағдарламалардың ешқандай да нәтижесі жоқ. Сіздердікі құр сөз. Сылдырлаған сөз. Талдау жасалмайды. Нарықта не болып жатқанын білмейсіздер. Ұлттық экономика министрлігі бар, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бар, Қазақстан даму банкі бар. Олармен байланысыңыз жоқ. Тек бағдарламаларды жүзеге асырып, жобаларды қолданысқа енгізесіз де, әрі қарай оның нәтижесін көрмейсіздер, қаражат қайда кетіп жатқанын қадағаламайсыздар. Неге қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр?! Қашан нәтиже болады? "Кәсіптік оқыту" дейді, "Бизнес бастау" дейді, "Жастар практикасы", "Қоғамдық жұмыстар", "Ұрпақтар келісімшарты" дейді, "Күміс жас" дейді. Осы жобалар бар. Қарапайым халыққа қандай нәтиже?!" – деді депутат.

Министрдің жауабы

Министр депутаттың ашық талабына жауап берді.

"Негізі сіздің қойып отырған сұрақтарыңыз өте дұрыс. Қазір мемлекет қана ең басты жұмыс беруші ретінде көрініп отыр. Іске асырылып жатқан ұлттық жобалар, тұжырымдалар, даму бағдарламалары – бәрі де жұмыс орнын ашу керек. Қазір 20 пайыз ғана ашылып отыр. Бүгінгі біз көрмеде көрсетіп отырған 755 инвестициялық жобаның ішінде 150 мың жұмыс орны ашылуы керек. Ал барып қарасаңыз, тек 70 мың жұмыс орны. Сондықтан мемлекеттің осындай бағдарламалары болмаса, жұмыссыздық деңгейі өте жаман болып, қоғамның өмір сүруі төмендейді", – деді Жақыпова. 

Еске салайық, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова азаматтар жұмыстан қашқан немесе бас тартқан жағдайда мәселені заңмен реттеу керек деген ұсыныс білдіргені хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова