Қазақстанда соңғы 9 айда 9,8 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан зардап шеккен 14 мың адамның 1,6 мыңы қаза тапқан, оның 485-і жаяу жүргіншілер. Өкінішке қарай, кейбір жағдайларға жол апаты себепшісі оқиға орнынан қашып кетіп жатады. Massaget.kz тілшісі сізді немесе жақыныңызды көлік қағып кетсе, кінәлі тарап материалдық және моральдық зиянды өтеуі үшін қалай дұрыс әрекет ету керегін анықтап көрді.
Жедел жәрдем шақырыңыз
Ең алдымен, жедел жәрдем шақырыңыз. Өйткені сіздің денсаулыңыз барлығынан маңызды. Оған қоса жүргізушіні жауапкершілікке тарту үшін денсаулығыңыз және келтірілген зиян туралы дәрігерлердің қорытындысы қажет. Денсаулыққа келтірілген зиянның көлеміне қарамастан, жедел жәрдем шақыру керек. Тіпті денеңіздің кішкене бөлігі көгеріп қалса да, 103-ке қоңырау шалыңыз.
Жол полициясын шақырыңыз
Жол полициясыан 102 немесе 112 нөмірі бойынша қоңырау шала аласыз. Егер сіз қатты зардап шегіп, полицияның келуін күте алмасаңыз, қызметкерлер сізден ауруханада жауап алады.
Жол апаты туралы полицей қызметкерлеріне хабарламау, заңбұзушылық екенін ұмытпаған жөн. Егер жүргізуші болған жайт туралы хабарламаса, оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 611-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген, яғни 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (17 250 теңге).
Ал ЖЖҚ талаптарын жаяу жүргінші орындамаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша 2 АЕК (6900 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
Куәгерлердің байланыс нөмірлерін сұрап, сақтап алыңыз
Егер алған жарақатыңыз жеңіл болып, мүмкіндік болса, куәгерлердің байланыс нөмірін сұрап, сақтап қалуға тырысыңыз. Олар қажет болады. Мысалы, жүргізуші жол апатына кінәлі екенін мойындамауы немесе онымен айғақтарыңыз сәйкес келмеуі мүмкін.
Егер жаяу жүргінші қатты зардап шегіп, куәлік бере алмаса немесе ол қаза болса, куәгерлердің айғағы апаттың қалай болғанын түсінуге көмектеседі. Куәгерлер әдетте істің нәтижесінің қандай болатынына қызығушылық танытпайтындықтан, объективті айғақ бере алады, ал бұл істің мән-жайын анықтау үшін өте маңызды.
Полицияға куәлік беріңіз
Жол-патрульдік полиция апат болған орынға келгенде, жаяу жүргінші не болғанын мүмкіндігінше егжей-тегжейлі сипаттауы керек.
Зардап шеккен жаяу жүргінші іс бойынша рәсімделетін кез келген іс жүргізу құжаттарының көшірмелерін алуға құқылы болғандықтан, сіз полицей қызметкерінен ЖКО туралы анықтама мен оқиға болған жерді тексеру хаттамасының көшірмесін сұрай аласыз.
Жүргізушіге түсетін жауапкершілік
Жауапкершіліктің қандай екені оқиға салдарының ауырлығымен анықталады. Егер денсаулыққа жеңіл зиян келтірілсе, онда кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке, егер ауырлығы орташа, ауыр зиян немесе өлім болса - қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жүргізушінің болған апатқа кінәсі болмай, жол жүрісі қағидасын бұзбаса да, жаяу жүргіншінің өмірі мен денсаулығына зиян келсе, ол азаматтық жауапкершілікке тартылады, яғни жәбірленушіге материалдық және моральдық зиянды өтейді.
Жүргізушінің кінәсі болмаса, ұзақ және күрделі тергеу процесінен өтуі керек, онда апаттың себебі мен механизмі анықталып, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің әрекеттері бағаланады. Әдетте сот-медициналық, автотехникалық, тауарлық, трассологиялық секілді әртүрлі сараптама жүргізіледі.
Айта кетейік, моральдық зиян азаматтың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп келтірілген кезде өтеледі. Бұл жағдайда жүргізуші апатқа кінәлі болсын-болмасын, кез келген жағдайда моральдық зиянды өтеуге міндеттеледі.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ең пайдалы спорт түрі қайсы?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!