- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сіз туралы ақпаратқа...
Сіз туралы ақпаратқа ие пластикалық карталар шығады
Соңғы кездері дүкендердегі сатып алу үдерісі қарапайым түрге ауысып келеді. Оған тіпті төлем әрекеттерін жүргізу үшін әртүрлі гаджеттерді де қосып үлгерді. Дегенмен, пластикалық картаның өзі ше? MasterCard компаниясы сіздің төлемдеріңіздің барысын жылдамдату үшін және оның қауіпсіз жолмен іске асуы үшін бармақ ізін анықтайтын пластикалық карталарды жасап шығарды.
MasterCard және Zwipe компанияларының біріккен жобасы аясында шығарылған карталардың ішінде сіздің биометриялық ақпаратыңыз сақталады. Нақтырақ айтатын болсақ, сіздің бармағыңыз пластикалық картаның қажетті бетіне тимей төлем жұмыстары іске аспайды. Айта кеткен жөн, сіздің биометриялық ақпаратыңыз тек картаның ішінде ғана болады. Ал банк қызметінің оған енуге құқығы жоқ. Сондықтан ендігі кезде картаңыз жоғалып қалғанның өзінде, өзге біреу оны қолдана алмайтын болады.
Төлемді картаға қондырылған контактісіз модуль арқылы да жүзеге асыруға болады. Аталған карта қуат көзін де сол модульден алады. Оған артық қуат жинақтағыш құрылғы қосудың қажеті жоқ. Компанияның жаңа идеясы PIN-код теру арқылы іске асырылатын төлемдердің барысын жылдамдататын болады.
Қазіргі кезде пластикалық карталар Норвегияның негізгі банктерінің бірінде тестілеуден өтіп жатыр. Ал келесі жылдан бастап жаңа инновацияның негізінде шығарылған пластикалық карталар бүкіл әлемде қолданысқа енетін болады.
Сурет: www.mastercard.com
Ж. Өрісбай