"Сіз премьер-министр болғанда ҚТЖ-дағы жағдай ушығып кетті" - депутат Әлихан Смайыловқа

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қарызға батып жатқанда бұрынғы премьер-министр мәселеге неге назар аудармағанын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында "Көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы" Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайыловтың есебі тыңдалды.

Жиында депутат Ерлан Саиров ҚТЖ-ға қатысты өзекті сұрақты қойды.

"Құрметті Әлихан Асханұлы, сіз ҚТЖ қаржылық жағдайы өте мүшкіл екенін айттыңыз. Шындықты айту керек, бұл жағдай сіз премьер-министр болып тұрғанда ушығып кетті. Сондықтан сізге сыпайы сұрақ қояйын. Сол кезде осы мәселемен неге айналыспадыңыздар?", - деді ол.

Әлихан Смайылов премьер-министр болғанда бұл мәселені көтергенін жеткізді.

"Кезінде біз бұл мәселелерді бірнеше рет көтеріп, тиісті салалық министрлікке де, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына да тиісті тапсырмаларды беріп, жұмысты талап еттік. Бірақ қабылданып жатқан шаралар толық көлемде жүрмей, тиімсіз болып жатыр. Сондықтан бұл мәселені тағы көтеруге мәжбүрміз", - деді Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы.

Оның айтуынша, ҚТЖ-да аудиторлық тексерісті жүргізу барысында құқық қорғау органдарына 5 материал жіберілген. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша 117 материал уәкілетті органдарға жіберілген.

Еске салайық, бұған дейін Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы ҚТЖ-ға банкрот болу қаупі төніп тұрғанын айтқан еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!