Сыз тартып, көгеріп жатыр: Нұра тұрғындары әкімдік сатып алған жаңа үйлерде тұрудан бас тартып отыр

Сыз тартып, көгеріп жатыр: Нұра тұрғындары әкімдік сатып алған жаңа үйлерде тұрудан бас тартып отыр
Фото: Видео кадры

Қарағанды облысы Нұра ауданы орталығында баспана кезегінде тұрғандар берілген пәтерден бас тартып жатыр. Оларды жаңа үй мен орталық жылу жүйесі де қызықтырмаған. Өйткені әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әкімдік сатып алған баспаналар сыз тартып, көгеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сондықтан кезегін сарыла күткендер бюджеттің ақшасына тұруға жарамайтын үй алған аудан басшылығын айыптап жатыр. Шенеуніктер қазіргі сатып алу жүйесіндегі олқылықтардың кесірінен ең арзан баспана сатып алуға мәжбүр болдық деп ақталды. 

Қызғалдақ Үшкелбаева баспана кезегінде жылдар бойы байланып, жалдамалы пәтерді телміре күткен. Ақыры кезегі жетіп, жақсы хабардан жүрегі жарыла жаздапты. Бірақ жаңа болса да, сыры мен сызы кеппей, қабарғалары көгерген үйге кіруге жүрегі дауаламайды.

"Бұл үйде байласаң ит те тұрмайтын шығар. Өйткені баспананың сапасыз материалдардан жасалғанын көзімізбен көргенбіз. Қалай болса солай салынды", - дейді Қызғалдақ Үшкелбаева. 

Оның дәлелі ретінде түсірген видеоларын да көрсетті. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша жалдамалы түрде берілетін баспанадан бас тартатынын айтады. Жалдаған соң бөтендікі болса да, жайлысында жүре бермек. Ал бюджеттің миллиондарын осы баспаналарға сарп еткен жергілікті шенеуніктер сатып алу заңындағы "тәртіпке сүйендік" деп отыр.

"Бұл үйлерді байқау негізінде сатып аламыз. Біз ол байқауға кім қатыстынын алдын ала біле алмаймыз. Тәртіп бойынша, кім арзан баға береді, соныкін алуға міндетіміз. Баспананы тағы да жіті тексеретін боламыз", - деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Есжанов. 

Әрқайсына бюджеттің 20 милллион теңгеден астын қаражатын төлеген шенеуніктер баспаналарды "енді тексереміз" деп ақталды. Ал баспаналы боламыз деп, арманы су сепкендей басылған жұрт атқамінерлер алдын ала неге қарамаған деп қапалы. Әкімдік қолымызда үш жыл кепілдік бар дейді. Тұрғындар кепілдікке қарап, жыртықты жамаумен күнелткіміз келмейді деп күйіп‑пісіп отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget