"Сыйлық ұтып алдыңыз!" Павлодарда зейнеткер оңбай алданды
Павлодарда зейнеткер алаяқтың арбауына түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, 74 жастағы зейнеткерге ер адам қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған.
"Сыпайы түрде сөйлескен алаяқ ұялы байланыс операторынан сыйлық ұтып алғаны туралы қуанышты жаңалықты хабарлаған. Бұл жаңалыққа мәз болған зейнеткер өзінің мекенжайын айтқан. Біраз уақыттан кейін ер адам оған келіп, бокал мен шоколад әкелген", - дейді полицейлер.
Әңгіме барысында зейнеткер өзі және анасы туралы ер адамға бәрін айтып берген. Келесі күні алаяқ қайта келіп, жәбірленушінің анасына сыйлық ретінде торт әкелген. Одан кейінгі күні қайта келіп, ерікті екенін айтып, жеміс-жидек әкелген. Сонымен қатар, зейнеткер ас үйдегі үстелді жөндеу керек екенін айтқанына байланысты ол тағы келген.
Зейнеткердің үйінде жүріп, алаяқ онық банк қосымшасын телефонға жүктеп алып, Face-ID көмегімен депозиттен ақшаны өз шотына аударып алған. Оқиғадан кейін алаяқ жасырынып жүрген. Қазір жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары банктердің қосымшаларынан жеке мәліметтер мен құпия сөздерді белгісіз адамдарға бермеуге, сондай-ақ, бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлеспеуге кеңес береді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста осындай 481 дерек тіркелген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова