- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Сый-құрметін көрсетті". Амандық...
"Сый-құрметін көрсетті". Амандық Баталов өзбекстандық кәсіпкермен кездескені туралы ақпаратқа түсінік берді
Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов өзбекстандық кәсіпкермен кездескені туралы ақпаратқа түсінік берді. Айта кетейік, Желіде Амандық Баталов өзбекстандық кәсіпкер Сәлімбай Абдуәлиевтің үйінде кездескені туралы сурет тараған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес Баталов Абдуәлиевпен кәсіп, екіжкақты қаржыландыру мәселесін талқылағаны айтылған. Алайда Амандық Баталовтың сөзінше, оның "өзбекстандық кәсіпкермен кездесіп, бизнес, екіжақты қаржыландыру мәселесін талқылағаны" туралы ақпарат - жалған.
"Мен Ташкентке онымен (кәсіпкер Сәлімбай Абдуәлиевпен-еск.) кездесуге барған жоқпын. Біреулер ақпаратты дұрыс жазбаған. Жалған ақпарат таратқандарды Алматыда тауып алып, кешірім сұраттық. Мен Ташкентке 35 жылдан бері танитын волейболшы Карим ака деген досыма бардым. Ол 60 жасқа толуына орай волейболдан үлкен турнир өткізді. Сол жерге командамды апарып, ойнаттық, досымызды осылайша құттықтадық! Өзбек достарымыз бізді құрметтеп, дастарқан жайып, күтіп алды. Суретте қасымда отырған Өзбекстанның бұрынғы спорт министрі, екі дүркін Олимпиада чемпионы. Сонымен қатар, Олимпиада комитетінің вице-президенті Салимбай ака болды. Жай ғана демалып отырдық. Болды", - дейді Амандық Баталов Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Экс-әкім бүгінде ешқандай кәсіппен айналыспайтынын, еңбек демалысында уақытын немерелеріне бөлетінін айтады.
"Кездесуде кәсіпті талқыладық деген жалған ақпарат. Өкінішке қарай, өтірік жазатын ұятсыздар көбейіп кетті. Мен кәсіппен айналыспаймын. Өмір бойы демалыссыз жұмыс істеген адаммын. Енді немерелеріме уақытымды бөліп, демалып жүрмін", - дейді Амандық Баталов.
Өзбекстандағы волейбол турнирінен фото
Амандық Баталовтың сөзінше, ол сонымен қатар, Қазақстан және Әзербайжанның елшісімен кездескен.
"Кездесуде күрестен Азия федерациясының вице-президенті де болды. Олар да "Амандық аға келді" деп сый-құрметін көрсетті. Өмір бойы спортпен байланысты болған адаммын ғой. Жасым 70-ке келіп кәсіппен айналысып не істеймін? Қазір спорттың айналасында жүрген адаммын. Мені және қасымдағы бірнеше досымды арнайы қонақүйден алып кетіп, Өзбекстанның бұрынғы спорт министрі шақырды. Мені құрметтеп шақырды. Біз шапанымызды жауып құрмет көрсеттік. Кәсіпкер Сәлімбай Абдуәлиевпен сәлеміміз түзу болғанымен басқа араластығым жоқ. Ондай адамдармен араласқан жоқпын. Карим аканың 60 жылдығына орай жасалған турнирге ғана бардық", - деп түсіндірді Амандық Баталов.
Айта кетейік, Салим Абдувалиев - Өзбекстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Ол Викиликсте жарияланған Америка елшілігінің хат-хабарларында Гафур Рахимовпен бірге Өзбекстанның қылмыстық билігінің жетекшілерінің бірі деп аталады. Салим Абдувалиев - Өзбекстандағы ең бай адамдардың бірі. Он жылдан астам уақыт бойы күрес балалар мен жасөспірімдер секцияларын дамытуды қаржыландырып келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина