“Сыртымнан сот өткізген“. Білім гранты бойынша соттасқандардың оқиғасы

Жоғары оқу орнында мемлекеттік грантпен оқығандар арасында Қаржы орталығымен соттасқандар бар. Кейбіреулері грант үшін миллиондар төлесе, енді біреулер сотта жеңіп шыққан. Massaget.kz тілшісі "отработка дауына" үңілді.

"Соңына дейін соттастық". Қазақстандықтардың оқиғасы 

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде мемлекеттік грант үшін соттасқанын айтқандардың видеосы көп тарап жүр. Дәл осындай шынайы оқиғаларын баяндап берген қазақстандықтарды таптық.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Сыртымнан сот өткізген"

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 4 жыл білім алған Ернар Кенжебайұлының бүкіл шоты бір күнде бұғатталып қалған. Оның сөзінше, шоттары бұғатталған соң жеке сот орындаушысынан хабарлама келген.

"Маған 100 мың теңге айыппұл салынғанын айтты. Бұл - тек шоттарды ашуға салынған айыппұл. Кейін анықтағанда, айыппұлды Қаржы орталығы салып отырғаны белгілі болды. Айыппұлды төлеп, шоттарымды аштым", - дейді ол.

Ернар Кенжебайұлының айтуынша, осы жағдайдан кейін бір жыл бұрын өзіне хабарламастан, мемлекеттік грантты өтеу бойынша сот өткізілгенін білген.

"Сотқа қатыспадым, шақырту да келмеді. Сотта "қарызын қайтарсын" деп шешкен. Бұл туралы мүлдем хабарым болмады", - дейді ол.

Ол 2021 жылы оқуын бітіріп, 1 жыл, яғни 2021-2022 жылдар аралығында мамандық бойынша жұмыс істеген. Кейін 2 жыл ақылы негізде магистратурада оқыған.

"Оқу бітірген бойда магистратураға түссең, қыркүйекке дейін құжат тапсырып үлгерсең ғана есептеледі екен. 1 жылдан кейін магистратураға түскенің грантты өтеу болып есептелмейтін болып шықты. Ақыр аяғында 2 жылдың ақшасын қайтару керек болды. Сотқа осы іс қайта қаралуын сұрап, арыз жаздым", - деді ол.

Ернар Кенжебайұлы 1 миллион 700 мың теңге көлемінде қайтаруы керек болған. Бірақ оның сөзінше бұған дейін оның қатысуынсыз сот өтіп, "төлейді" деген шешім шығуына байланысты өсімпұл қосылып кеткен. Ақыр аяғында ол 2 миллион 600 мың теңге төлеуі керек болған.

Атырау тұрғыны өзіне хабарламай сот өткізілгеніне, үстіне өсімпұл қосылғанына наразы болып соттасқан.

"Сотта 2 жылдың ақшасын төлейтінімді айттым, бірақ үстіндегі өсімпұлды алып тастауын сұрадым. Қаржы орталығы "алмаймыз" деп, соңына дейін соттастық. 2 ай сот болды. Сот шешімімен мен жеңдім, өсімпұлды қоспайтын болды. Соңында 1 миллион 600 мың теңге ғана төледім", - дейді Ернар Кенжебайұлы.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Басында білсем, гранттан бас тартар едім"

Тұрсынбек Башар да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Ол да Қаржы орталығымен соттасқандар қатарында, дегенмен оның мәселесі ауыл квотасынан шыққан. Оның сөзінше, мектепті бітірген кезде бұл мәселе шегелеп айтылғанда, артық мәселе туындамаушы еді.

"Біздің кезімізде мұндай нәрсе айтылмады. Университетте оқып жатқанда да бұл нәрсені ешкім айтқан жоқ. Бізде 150 студент болса, бірде-біреуі білмеген. Дипломды алар кезде бәрімізді деканатқа жинап, "грантты өтеулерің керек, болмаса диплом бермейміз, келісемін деген құжатқа қол қоюларың керек" деді. Негізі бұл келісімшарт 2012 жылы жасалған екен. Ал оны бізге 2016 жылы ұсынып тұр. Келісімшартты 2012 жылы ұсынғанда, өз басым бас тартар едім", - дейді ол.

Тұрсынбек Башар - Түркістан облысының тумасы. Оның сөзінше, сол кезде гранттан бас тартса, оған себеп ауылдың жағдайы болар еді. "Түркістан облысында мамандық бойынша жұмыс істеу мүмкін емес. Өйткені бірінші кезекте жемқорлық тұр. Өздерінің "ставкалары" бар. Біздің кезімізде мұғалім болып жұмысқа кіру үшін 1 миллион теңге дейтін. Бұл - Түркістан облысында ушығып кеткен жағдай", - дейді ол.

Ол деканатта мәжбүрлі түрде қол қойғанын, кейін бұл құжатты өз өңіріндегі ХҚКО-ға тапсырғанын айтады.

"Түркістанда ХҚКО арқылы, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұру мүмкін емес. Өзім де мектептерге барып, жұмыс іздедім. "Орын жоқ" деп шығарып салды", - деді ол.

2020 жылы Тұрсынбек Башарға Қаржы орталығынан хабарласып, "тез арада жұмыс табуы қажет екенін" айтқан. Осылайша, ол өз өңірінен қайта жұмыс іздеген, бірақ нәтиже болмаған.

"Қаржы орталығындағылар "мектепке от жағушы болса да жұмысқа тұрып, бізге қағаз жіберсеңіз болды, солай жабылып кетеді, мұның бәрі құжат күйінде ғой" деді. Түсінгенім бойынша олар - есеп үшін жұмыс істеп отырған адамдар. Бұл бағдарламаны жасаймыз деп министрлік пен Қаржы орталығы көп заңсыздыққа жол беріп жатыр. Балалар мектепке амалсыздан, өтірік жұмысқа тұрады", - деді ол.

Оның сөзінше, 2020 жылы 6 ай көлемінде Қаржы орталығымен соттасқан, тіпті бірнеше заңгердің қызметіне жүгінген. Алайда келісімшартты оқыған заңгерлер Қаржы орталығы өздеріне өте тиімді келісімшарт жасап алғанын, кез келген жағдайда ұтылмайтынын айтыпты.

"Соңына дейін соттасып, ұтылып қалдым. "Айлығыңның елу пайызын Қаржы орталығына аударып отырасың" деп үкім шығарды. Төлеу қажет сома 2 миллион 400 мың теңге болды. Жауапкершіліксіз деген баптарымен үстіне тағы 1 миллион теңге қосты, оған қоса, ұтылған соң соттың ақшасын да төледім. Сонда шамамен 3 миллион 880 мың теңге шықты. Мұны 2 жылдай төледім. 50 пайыз деген өте ауыр ғой. Отбасың бар, бала-шағаң бар. Жастарға министрлік, Қаржы орталығы ауыртпалық салады. Оның үстіне Алматы секілді қалада. Сондықтан жұмысыңнан бөлек қосымша жұмыс істеуіңе тура келеді. Уақытың, денсаулығың, жүйкең кетеді. Төлемесең, шотыңды бұғаттап тастайды, шотыңдағы ақшаларыңды шешіп алады", - дейді ол.

Тұрсынбек Башардың пікірінше, министрлік дәл осы жолмен КСРО кезіндегі әдісті әкелмек дейді.

"Бұрын балаларды оқытып, кейін қолдарына құжат беретін, сол бойынша шалғайдағы ауылға барып жұмыс істейтін. Түпкі мағынасы - "ауылды көркейтеміз" деген әңгіме ғой. Ауылды шынымен дамытқысы келсе, өндіріс орындарын, жұмыс орындарын ашсын, сонда қалада ешкім тұрақтамайды. Ауылда ешқандай жұмыс жоқ. Мемлекеттік БАҚ арқылы есеп беріп, "мынадай бала оқыды, мынадай бала жұмыс істеп жатыр" дейді. Қаншама адам зар жылап жүрсе, оның бәрі неге керек?!" - деді ол.

Ісі сотқа жеткендер саны қанша?

Ғылым және жоғары білім министрлігі Massaget.kz-ке берген ресми жауабында мемлекеттік грант бойынша кейінгі үш жылдағы мәліметті ұсынды. 

  • 2022 жылдың статистикасы

2022 жылы грантпен оқыған түлектердің арасында жұмыспен өтеу міндетін толық аяқтаған 97 адам бар. Грантты жұмыспен өтеу міндетінен босатылған 14 511 адам бар, оның ішінде 3 адам қайтыс болған, 63 адам оқуға жұмсалған бюджет қаражатын өз еркімен қайтарған, 24 122 жұмыс істеп жатыр. 

Грантты жұмыспен өтеу міндетін бұзған 17 205 адам бар. Оның ішінде 16 491 адамға қатысты дауды сотқа дейін реттеу тәртібі бойынша жұмыс істеліп жатқаны, 418 адамға қатысты сотқа талап-арыз жіберіліп, азаматтық іс қозғалғаны, 296 адамға сот шешімі шығарылғаны белгілі болды.

  • 2023 жылдың статистикасы

2023 жылы грантпен оқыған түлектер арасында жұмыспен өтеу міндетін аяқтаған 37 адам бар. Ал грантты жұмыспен өтеу міндеттерінен босатылған 13 491 адам бар, оның ішінде 2 адам қайтыс болған, 29 адам оқуға жұмсалған бюджет қаражатын өз еркімен қайтарған, 23 745 адам жұмыс істеп жатыр.

Грантты жұмыспен өтеу міндетін бұзған 20 524 адам бар. Оның ішінде 20 522 адамға қатысты дауды сотқа дейін реттеу тәртібі бойынша жұмыс істеліп жатқаны, 2 адамға қатысты сотқа талап-арыз жіберіліп, азаматтық іс қозғалғаны белгілі болды.

depositphotos.com

Грантпен оқыдыңыз ба? Ең маңызды сұрақтарға жауап

Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік грантты жұмыспен өтеуге қатысты ең маңызды сауалдарға жауап берді.

Грантты өтеу міндеті қанша уақытқа созылады?

Грантты жұмыспен өтеу міндеті мына азаматтарға жүктеледі:

1) квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринарлық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерде орналасқан білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласындағы мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде, ветеринария ұйымдарында, аграрлық бейіндегі ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыспен өтейді;

2) квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қоныс аударуға арналған өңірлерде (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Абай, Қарағанды, Ұлытау облыстары) ЖОО  бітіргеннен кейін кемінде екі жыл жұмыс істейді;

3) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен азаматтар оқу бітіргеннен кейін кемінде үш жыл білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында грантты жұмыспен өтейді;

4) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған ҚР азаматтары ЖОО бітіргеннен кейін кемінде үш жыл меншік нысанына қарамастан грантты жұмыспен өтейді;

5) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде докторантурада білім алған ҚР азаматтары оқу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖОО, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарында, жоғары колледждерде немесе училищелерде грантты жұмыспен өтейді;

6) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен ҚР азаматтары оқу аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖОО, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарында, жоғары колледждерде немесе училищелерде грантты жұмыспен өтейді.

Грантты өтеу шарттары қандай жағдайларда өзгереді?

1) ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша грантқа ауысқан;

2) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша гранттағы оқудан ақылы негізге ауысқан;

3) ЖОО-дан оқудан шығарылған жағдайларда өзі оқыған уақытпен мөлшерлес аралықта грантты жұмыспен өтейді.

Грантты қандай жағдайда өтемеуге болады?

Комиссияның шешімімен мына азаматтар грантты өтемеуі мүмкін:

1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға;

2) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

3) одан әрі оқу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға, докторантураға оқуға түскен адамдарға;

4) жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі.

Жұмыс орны ретінде шетелдегі мекемелер қарастырыла ма?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетелдегі жоғары оқу орнына оқуға түскен жағдайда азаматтар грантты жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босатылады. Бұл үшін оқуға түскені туралы бұйрықты ЖОО жанынан құрылған комиссияға тапсыруы керек.

Бірақ ресми жауапқа сүйенсек, жұмыс орны ретінде шетелдегі мекемелер қарастырылмайды.

Грантты белгілі бір аймақта немесе нақты ұйымдарда ғана өтеу керек пе?

Жұмыс орнын таңдаған уақытта жас мамандар бірқатар талапты ұстану керек:

1) ауылдық квотамен оқыған жас мамандар грантты ауылдық жерде орналасқан білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария немесе аграрлық бейіндегі ұйымдарда жұмыспен өтейді;

2) қоныс аудару квотасымен оқыған жас мамандар қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған 8 өңірлерде жұмыс істеуге тиіс. Бұл өңірлер - Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Абай және Ұлытау облыстары;

3) педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен жас мамандар грантты білім беру немесе денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге тиіс;

Грантты қанша уақыт ішінде өтеу қажет? 

Ресми жауапқа сүйенсек, жоғары оқу орнын бітірген азаматтар 1 қыркүйектен кешікпей жолдама бойынша жұмыс орнына барады.

Бос жұмыс орындары болмаған жағдайда ҚР азаматтары жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеу туралы өтінішпен тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына, электрон үкіметтің веб-порталына немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе "Электрон еңбек биржасы" (портал enbek.kz) мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде тіркеледі.

Басқа салада жұмыс істегісі келсе, грантты өтей ме?

Талаптарға сәйкес келмейтін салада жұмыс істегісі келетін мамандар бюджет қаражаты есебінен шыққан шығынды өтеуге міндетті.

Грантты жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін өз еркімен білім ақысын қайтаратын мамандар "Қаржы орталығы" АҚ-ға жазбаша ресми түрде немесе ауызша хабарласып, бюджетке қайтарылуы қажет соманың мөлшерін айқындап, төлем жасайтын банк реквизиттерін алып, ақшаны аударуға тиіс.

Мемлекет тарапынан жұмыс табуға көмек көрсетіле ме?

Министрлік мәліметінше, ҚР азаматтарын жұмысқа жіберу мақсатында оларды бөлу үшін ЖОО жанынан комиссия құрылады.

"Комиссиялар жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірмей жергілікті атқарушы органдарға түлектердің тізімін, санын, тұрғылықты тұратын жерін, алған мамандығы мен қай тілде оқығанын көрсетіп, түлектерді кейін жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарын ұсыну тұралы сұраныстар жолдайды. Жергілікті атқарушы органдары 15 ақпаннан кешіктірмей жіберілген өтінімдерге сәйкес бөлу жөніндегі комиссиялар мәлімдеген мамандықтар бойынша кадрларға сұраныс туралы ақпарат береді", - деп жазылған жауапта.

Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) жұмысқа бөлу, жіберу мақсатында ЖОО мен ғылыми ұйымдар бос орындар болған жағдайда жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей уәкілетті органға кадрлар қажет екені туралы өтінімдер жібереді.

Тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарында есепке алынған азаматтардың кәсіптік даярлығы мен мамандығына сәйкес келетін жұмыс орындары болмаған жағдайда еңбек мобильділігі орталықтары басқа өңірлерде жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.

Грантты өтеу процесі қалай бақыланады? Жұмыс істеп жатқаны туралы есеп беру керек пе? 

"Қаржы орталығы" АҚ азаматтардан өздеріне қатысты құжаттарды сұратады. Мұның ішінде жұмыс істейтіні, жұмыссыз ретінде есепте тұрғаны, жүктілігі, босануы немесе бала күтімі бойынша демалыста екені секілді құжаттар бар.

"Қаржы орталығы" АҚ 2024 жылғы қаңтардан бастап 1414 бірыңғай байланыс орталығының SMS-шлюзі арқылы хабарлама жібере бастады. 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы келісім беру - ерікті дүние, 511 - келісім жауабын таңдаған жағдайда жұмыс орны туралы деректерді Қаржы орталығы АҚ автоматты режимде алады, ал 512 арқылы келісім беруден бас тартқан жағдайда жас мамандар өз бетінше құжаттарды міндетті түрде ұсынуға тиіс (оның ішінде жұмыс орнын ауыстыру немесе өзге де мән-жайларды өзгерту кезінде де).

Құжаттар "Қаржы орталығы" АҚ электрон мекенжайына жіберілуі керек: fincenter@fincenter.kz немесе пошта арқылы мына мекенжайға: Астана қ., Мәңгілік ел даңғылы, 18-үй, индекс 010000.

Қандай жағдайда грант өтелген болып есептеледі?

1) грантты жұмыспен өтеу жөніндегі міндет орындалуына байланысты;

2) білім алушының (жас маманның) қайтыс болуына байланысты;

3) жұмысты өтеу мерзімі ішінде бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда;

Грантты жұмыспен өтеу жөніндегі міндет орындалғаны туралы құжаттар "Қаржы орталығы" АҚ-ға тапсырылады:

1) еңбек кітапшасы;

2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;

3) еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;

4) жұмыскерлерге жалақы төлеу ведомостан үзінді көшірмелер;

5) жұмыс беруші қол қойған және мөрімен (ол болған кезде) растаған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);

6) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер;

7) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;

8) дуальды оқыту туралы шарт;

9) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архив құжаттар;

Грантты жұмыспен өтемегендерден түскен қаржы қайда аударылады?

Министрлік жауабына сүйенсек, түлектер мемлекеттік грантты жұмыспен өтемегені үшін төлейтін қаражат "Қаржы орталығы" АҚ арқылы республикалық бюджетке қайтарылады. 

Айта кетейік, түлектер өзінің статусын білу үшін Қаржы орталығы АҚ fincenter.kz ресми сайтында орналасқан телефондар бойынша хабарласа алады. Байланыс орталығы 8 8000 802 828.

Еске салайық, 2024-2025 оқу жылына арналған білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан аса талапкер құжат тапсырған. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 мыңға артық. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!