“Сырты бүтін, ішінде шіру процесі жүріп жатыр“. Сарапшылар әскердегі жағдай туралы

Кейінгі кезде әскери салада жантүршігерлік жайттар бірінен кейін бірі қайталанып жатыр. Massaget.kz тілшісі мәселеге шолу жасады.

 

 

 

Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталов

 

"Бұрын өте сирек болушы еді"

Ермек Сейітбатталов әскерде, әскери қызметкерлер арасында мұндай жағдай Кеңес Одағы кезінде де болғанын, дегенмен өте сирек кездескенін айтады.

Отставкадағы полковник бұрынғы әскери өмір мен қазіргі әскердің жағдайын салыстырды. Сарапшының сөзінше, әлімжеттік мәселесіне келгенде әскери құрылымдардың буын-буынындағы қызметкерлерді білімі, тәжірибесіне қарай белгілі бір жетістікке жеткен әскери қызметкерлермен алмастыру керек және реформаны жүргізгенде де жүйелі түрде жүргізу қажет.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Ермек Сейітбатталов күллі қазақ сауығып кетуін тілеп отырған Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты да пікір білдіріп, "дәретханада құлап, осындай халге жетті дегенге" сенбейтінін, мұның өз себебі барын айтты.

Сарбаз Ербаян Мұхтар Түркияға емделуге кетті

"Қорғаныс саласының бүлінгенінің белгісі"

Отставкадағы полковник әскери саладағы мұндай жағдайларды "елдің қорғаныс саласының бүлінгені" деп бағалады.

"Қазақстанның қорғаныс саласының ішкі дүниесі бүлінгенінің, сырты бүтін, ішінде шіру процестері жүріп жатқанның белгісі. Шіріктің көзін аршып, шығарып тазалау қажет. Әскери қызметті өз қалпына келтіру керек, сонда бұл оқиғалар қайталанбай тоқтайды", - деді сарапшы.

Ермек Сейітбатталов "әскер сарбазға өмірді үйрету керек" деу қазіргі заманда дұрыс не бұрыс екенін айтты.

"Бүгінде әскер сарбазға өмірді үйрете алмай жатыр. Керісінше Отан алдында азаматтық борышын атқаруға барған жігіттерді мүгедек қылып немесе табытпен қайтарып жатыр. Кеңес Одағы кезінде киімі бүтін емес, тамағы тоқ емес, білімі шектеулі азаматтар қорғаныс саласында айтылған мәселелерді шешіп және керек мамандықты игеріп келетін. Осындай жағдайды "әскер сарбазды өмірге үйретті" деп айтуға болушы еді. Ол - жалпы елдің әлеуеті төмен болған кезге тән. Қазір елдің, жалпы қоғамның әлеуеті әскердегі жағдайдан жоғары. Сол себепті әскер сарбаздарды өмірге үйрете алмайды", - деді ол.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сарапшы Қазақстанның бүгінгі қорғаныс деңгейіне оң баға бере алмайтынын, себебі әлемде болып жатқан жағдайдың талабына мүлдем сәйкес емес екенін мәлімдеді.

"Әлемде геосаяси жағдай өте күрделі және күннен-күнге ушығып бара жатыр. Ресеймен Украина, Израильмен Газа секторы, Ливандағы Хезболла, одан қалса, Иранмен шайқасып жатыр. Иран Израильға ғана соққы берген жоқ, ол Сирияға, Иракқа және Пәкістанға оттың шоғын тастап отыр. Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыстың аяғы белгілі бір мәмілеге әлі келген жоқ. Оны байқап, даяр отырған Түркия бар. Франция АҚШ-тың ықпалымен Арменияның мүйізін қайрап отыр. Қытай арғы жағындағы Жапониямен, Филиппинмен және Тайваньмен тіл табыспай отыр. Жапонияға жаңа келген премьер-министр АҚШ-тың ядролық қаруын алып келмек. Жағдай тарқатылмай, керісінше шиеленісіп, күрделеніп жатыр. Сонда Қазақстанның ертеңі қалай болмақ? Біз теріп көрсеткен оқиғалардың дәл ортасында тұр. Орталық Азиядағы көрші елдер не ойлап отырғаны белгісіз. Әрине, саяси, дипломатиялық, экономикалық шараларға жүгіну қажет, бірақ күштік құрылымдар мен әскери даярлықты ұмытпау керек", - деді ол.

"Тұрмысы төмен отбасылардан барады". Әлемдегі тәжірибе қандай?

Сарапшылар "дедовщина" түсінігі Орталық Азия аймағы елдерінің әскерінде Кеңес әскерінен кейін қалғанын айтады. Оның бір себебі 60-жылдардың ортасында бұрын қылмыс әлеміне қатысы болғандарды әскерге шақыру тәжірибесі деседі. Тағы бір сарапшылардың пікірінше, әскери бөлімдердің басшылық құрамы көбіне өз ықпалын күшейту үшін осы "әдісті" қолдануға тырысады.

"Мерзімді әскери қызметке шақыратын елдердің бірі - біздің көршіміз Ресей. Ресей Қарулы күштерінде бұл жағдай сақталған. Қазір соғыс кезінде буллингке ұшыраған жауынгерлерді соғыстың ең ауыр жерінде, алдыңғы қатарда көресіз. Ал ағылшын, неміс, түрік, славян тілді бұқаралық ақпаратта осындай ушығып тұрған жағдайды кездестірмейсіз. Қазір болып жатқан соғыстың салдарымен кейбір Еуропа елдері мерзімді әскери қызметке шақыру мәселесін қарастырып еді, бірақ бұл әңгіме өзекті болмай қалды. Әзірше бұл мәселені талқылап жүрген, көштің артында қалған - біздің ел. Осы себепті Қазақстан дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгені жөн", - дейді бұл туралы Ермек Сейітбатталов.

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, құқық педагогикасының магистрі, толыс полковнигі Мұхамбетжан Әбдібеков Кеңес одағы кезінде әлімжеттікке қатал күрес жарияланғанын айтады.

"Сол күрестің арқасында Кеңес Одағының соңғы жылдары Кеңес әскеріндегі әлімжеттікті жоюдың сапалы жүйесі өз жемісін бере бастаған еді, бірақ Одақ тарап, әскері де бөлшектеніп, Одақ елдерінің өз алдына әскері қалыптасып кетті. Әлімжеттікті жоюдың сапалы жүйесі де сол кездері құрдымға кетті", - деді сарапшы.

Маманның айтуынша, мұндай жағдай әлемнің барлық елінің әскерінде болған және қазір де болып жатыр.

"Өркениетті елдердің әскері көбіне жалданбалы жасақтау тәсілімен құрылады. Ал бұл жағдайда әскер қатарына баратындар - әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары, басқа елден келген босқындар отбасы. Осылай құралған әскердегі сарбаздар арасында жағымсыз құбылыстардың, яғни әлімжеттіктің неше түрі болады. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан азаматтар әскерге күн көру немесе жақсы жалақы алу үшін келген соң, шыдауға мәжбүр болады", - деді ол.

АҚШ-тағы әскери мектептегі жағдай қандай?

Бүгінде АҚШ-та тұратын қазақстандық Анеля Әлімнің ұлы АҚШ-тың 34-ші президенті Эйзенхауэр Дуайт Дэвид ашқан кадеттер мектебінде оқиды. Massaget.kz-ке берген сұхбатында болашақ кадеттің анасы АҚШ-тағы тәжірибе қандай екенін айтты.

"Америкадағы мұғалімдер - бұрынғы әскери адамдар, олар әскерде борышын өтеген, Ауғанстанда болған. Олар ұстаз болса да балаларға әкесі секілді қарым-қатынас жасайды. 3 жылдан бері бақылап келе жатырмын, қажет жерінде жұмсақтық танытады, қажет кезінде қаттылық көрсетеді. Ұлым VALLEY FORGE MILITARY SCHOOL атты әскери мектепте оқиды. Заманында генерал Эйзенхауэр (мектепті ашқан адам - еск.) тайм менеджмент түсінігін қалыптастырған, президент те болған. Оның суреттері мектептің әр бұрышына ілінген. Бұл - кадеттерге үлкен мотивация. Балалардың тәрбиесін Уильям Мотт қадағалайды, ол 15 жыл бойы Ұлыбритания армиясында, Елизавета патшайымның әскерінде қызмет еткен және қазір көшбасшылық сабағын үйретіп жүр", - деді АҚШ-тағы қазақстандық.

inquirer.com

"Ұлым оқуға түскен кезде шашын алып тастады. Ол жақта ұялы телефон пайдаланбайды. 2 ай бойы бала кадет болуға дайындалады, арнайы дайындықтан өтеді. Таңғы 6-да тұрып жаттығады, оқиды. Ұлымның айтуынша, күніне 200 мәрте денесін жерден көтеріп, жаттығу жасаған, марафон жүгірген - бәрі қатал өткен", - деді Анеля Әлім.

Оқуға түскен 200 баланың ішінен ең мықты 7 балаға Президенттік медаль берілген. Мұны иеленгендердің қатарында отандасымыз да бар.

АҚШ-тағы қазақстандық Анеля Әлім ата-аналарға балаларымен ашық сөйлесуге, үнемі қолдау көрсетіп отыруға кеңес берді.

Еске салайық, бұған дейін қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қазақстан әскерінде өлім-жітім неге жиілегенін түсіндірді.

Министрлік жағдайды талдағаннан кейін әскери қызметшілердің өлімі мен жарақаттануының негізгі себебін былай анықтаған:

  • Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді абайсыз пайдалану;
  • Техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу;
  • Қызметтен тыс уақытта жол апатына түсу;
  • Ауру салдарынан өлім-жітім;
  • Отбасындағы қиындықтарға байланысты өз-өзіне қол жұмсау;

Айта кетейік, бір ғана қыркүйекте әскери салада бірнеше қайғылы оқиға болды:

  • 7 қыркүйекте Маңғыстау полигонында мерзімді әскери қызметші жарақат салдарынан көз жұмды. Жауынгерді взвод командирі атып өлтірген. Қайтыс болған сарбаздың әкесі Қорғаныс министріне бейнеүндеу жолдады. Қорғаныс министрлігі кейінірек кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
  • 16 қыркүйекте Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс гарнизонының әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан жарақат алды.
  • 19 қыркүйекте Аягөзде әскери қызметшінің денесі табылды. Әскери гарнизонның алдын ала мәліметтері бойынша офицер өз-өзіне қол жұмсаған.
  • 22 қыркүйекте Петропавлда келісімшарт бойынша әскери қызметкердің денесі табылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
  • 30 қыркүйекте Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Марқұм 39 жаста болған, оның денесі өз пәтерінде табылған. 

Анықтама: Шілдеде Massaget.kz Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдап, биыл және былтыр қанша сарбаз әскери борышын өтеп жүріп көз жұмғанын анықтауға тырысты. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл ақпарат таратылмайтынын мәлімдеді.

Кейінірек ресми мәлімет жарияланды. Ақпаратқа сүйенсек, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

Ашық дереккөз мәліметтері бойынша өлім-жітімнің көп тараған себептері: ауру – 36 пайыз, жол апаттарының салдары – 24 пайыз, суицид – 20 пайыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!