Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарына кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ресми өкілге "Бүгінде әлемдегі жағдай ушығып тұр. Йеменде не болып жатқанын білесіз. Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы жағдай да күрделі. Ол жақта заңсыз жүрген қазақ көп. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі үндеу жасап, олардың елге қайтуына қандай да бір кеңес беріп, қандай да бір шаралар қабылдай ма?" деп сұрақ қойылды.
Айбек Смадияров Корея түбегіндегі жағдай бірқалыпты екенін жеткізді.
"Қазір Оңтүстік Кореядағы жағдай тұрақты. Оларға қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан Кореяда заңсыз жүрген азаматтарға өтініш бар. Олар заңды сақтап, елде заңды түрде жүруі керек. Оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, бүгінде Оңтүстік Кореяда 20 мыңнан аса қазақстандық заңды түрде еңбек етіп жүр. Қос ел арасында жұмыс істеуге қатысты ешқандай кедергі жоқ.
"Олардың көбі - (этникалық - еск.) кореялықтар. Бәрі заңды түрде жұмыс істейді. Егер Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяға барып, заңды түрде жұмыс істеймін десе, еш кедергі жоқ. Бірақ кейбір азаматтар қос ел арасындағы визасыз режимді пайлаланып, екі мемлекетті де алдап, сонда заңсыз қалып отыр. Осыдан проблема туындап жатыр. Алайда екі мемлекеттік арасында заңды түрде жұмыс істеуге қатысты еш кедергі жоқ. Онда дәрігерлер, жоғары білімді IT мамандары еңбек етіп жатыр", - деді Айбек Смадияров.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз