- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сыртқы істер министрлері...
Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі мен ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтті
Ереванда ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі мен ҰҚШҰ қатысушы елдері қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің кезекті бірлескен отырысына қатысты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Сыртқы саяси, қорғаныс ведомствалары басшыларының отырысы шеңберінде қауіпсіздік кеңесінің хатшылары халықаралық күн тәртібі, ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағына іргелес орналасқан өңірлердегі әскери-саяси жағдай бойынша қызығушылық туғызатын өзекті тақырыптар жөнінде пікір алмасты. Ұжымдық қауіпсіздік жүйесін әрі қарай жетілдіру, әскери ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, халықаралық лаңкестікке қарсы іс-әрекет жасау аясындағы қосымша шаралар пысықталды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа 1992 жылы қол қойылғанын, 2002 жылы ҰҚШҰ құру туралы шешім қабылданғанын естеріңізге сала кетейік. Қазіргі кезде аталған ұйымның құрамына алты ел кіреді. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан. Бүгінгі таңда ҰҚШҰ-ның қатысушы елдері «Шеп», «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық», «Іздестіру» сияқты бірлескен әскери оқу-жаттығуларды ұдайы негізде өткізіп тұрады.
Одан басқа, 14 қазанда Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Ұйымның мүше мемлекеттерінің өкілдері 2025 жылға дейінгі Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясын, терроризммен күресу жөніндегі қосымша шараларды және дағдарыстық ден қою орталығын құруды талқылады. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ұйымының әскери құрамдасын әрі қарай дамыту, әскери кадрларды дайындау жүйесін дамыту, сондай-ақ, төтенше жағдайларға ден қою мәселелеріне қатысты бірқатар құжаттарға қол қойды.
T. Кіршібаев