Сырдария ауданында тозығы жеткен су жүйелері жаңғыртылып жатыр

Қызылорда облысының Сырдария ауданында тозығы жеткен су жүйелері қайтадан жаңғыртылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол үшін "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері", "Ауыл – ел бесігі" бағдарламаларының мүмкіндіктері пайдаланылып жатыр.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың айтуынша, 486,7 млн теңге есебінен 9,8 шақырым ауызсу құбырлары жаңартылуда. Оның ішінде Тереңөзек кентіндегі 10, Шаған ауылындағы 3 және Амангелді ауылындағы 3 көшеде жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Аудандық бюджеттен бөлінген 21 млн теңге қаржыға Амангелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Нағи Ілиясов елді мекендеріне 4 су мұнарасы орнатылуда. Сонымен бірге Сәкен Сейфуллин, Іңкәрдария елді мекендерінде барлау-пайдалану ұңғымаларын бұрғылау үшін аудандық бюджеттен 118 млн теңге бөлінді", - деді Берік Сәрменбаев.

Аудан басшысының сөзіне сенсек, сырдариялықтар толығымен орталықтандырылған ауызсу тұтынып отыр.

Назерке САНИЯЗОВА
Қызылорда облысы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!