Мас күйінде көлік жүргізді деп айыпталып 15 күнге қамауға алынған қазақстандық танымал әнші Арман Сейтжаппаров (ARO) оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол Zamandas подкастына берген сұхбатында әңгімеледі.
ARO әңгімесінде рөлге мас күйінде отырмағанын айтты. Ол сыра ішкенін мойындап, бірақ көлік жүргізуді ағасына тапсырғанын айтып берді.
"Сол күні келіншегім екеуміз "Қазақстан" қонақүйінің жанындағы тамақтанатын орында тамақ іштік. Сол жерде бір-екі стақан сыра ішкенім рас. Бірақ қайтарда жұмысында сап-сау отырған ағамды шақырдым. Үйге жеткізіп тастауын сұрадым. Ол жұмысынан келіп, бізді алып кетті. Келіншегімді үйге апарып тастадық. Содан шығып бір концерттің дайындығына бара жатқанбыз. Жолдан патруль қызметкерлері тоқтатып алды. Рөлде отырған ағамды тергеп бастады. Сақтандыру құжаты болмағаны рас. Бірақ айыппұл жазып беруін өтіндік. Олар ағамды алкотестерден өткізді. Тап-таза шықса да, сендер бірдеңе қабылдағансыңдар деп шүйлігіп алды", - дейді ол.
Әнші сол сәтте патруль қызметкерлерімен барынша әділетті түрде сөйлескенін, артық ештеңе ұсынбағанын айтты. Оның сөзінше, полицейлер әншіден бірнәрсе дәметкен.
"Көлігім жаңа еді. Өзім де шапан киіп, әдемі болып отырғанмын. Бай біреу деп ойлаған болу керек. Барынша ақша сындырып алғысы келгендерін түсіндім. Бірақ әдейі қасарыстым. Келісейік деуге де болар еді. Әдейі бермедім. Сол қасарысқаныма олар да қасарысып, ақыры СИЗО-ға алып кетті. Екі күн сол жерде болдық. Солай 15 күнге қамалдым", - деді әнші.
Арман Сейтжаппаров - шығармашылық ортада ARO атымен танымал. Қазақ альтернативті поп-музыкасының жарқын өкілі. Ол өзінің ерекше дауысы мен орындау мәнері арқылы тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Әншінің "Бейтаныс әуен", "Қимастық жыры", "S.Ö.Sení" деген әндері бар.
Сонымен қатар Арман Сейтжаппаров "Адай" күйіне сөз жазып, жұртты тәнті еткен болатын.
Еске салайық, әнші 4 желтоқсан күні мас күйінде көлік жүргізді деген айыппен 15 күнге қамауға алынған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз