Қостанайда автобустың 29 жастағы жүргізушісі алкогольдік масаң күйде көлік айдағаны үшін ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицияның мәліметінше, ол күнделікті жолаушылар тасымалымен айналысатын. Үзіліс кезінде сыра ішкен жүргізушіні сапарға қайта шыққанда патрульдік полиция байқап, тоқтатты. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежеде масаң болғанын растады.
Бұған қоса, жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі де болмағаны анықталды. Полиция өкілдері автобустың жеке кәсіпкердің атында тіркелгенін және жолға шығар алдында міндетті техникалық тексерістен өтуге тиіс екенін хабарлады.
Daimler Benz көлігі арнайы айыптұраққа қойылды. Жүргізушіге екі әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін: ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Сонымен қатар сақтандыру полисінің болмағаны үшін шамамен 40 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі. Автобусты сақтандырусыз жолға шығаруға рұқсат берген механик те жауапкершілікке тартылады.
Бұл оқиғадан бөлек, Қостанайда тағы бір маршруттық автобус жүргізушісі ұсталды. Ол алдыңғы әйнегі сынған автобусты жүргізген. Бұл оның бір жыл ішінде қайталап жасаған заңбұзушылығы болып шықты. Оның көлігі де айыптұраққа қойылды.
Полиция жүргізуші мен автобусты жолға шығаруға рұқсат берген механикке әкімшілік шаралар қолданылатынын хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз