Сыр өңірінен ақын Абай Құнанбаевтың төте жазу үлгісіндегі өлеңдер жинағы табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тың еңбек туралы журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы Facebook-парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, мұра Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.
"Кітап 1982 жылы музей қорына өткізілген. Бірақ ешкім мән бермеген. Оның иесі - ардагер ұстаз Мыната Қалдыбаев. 2005 жылы қайта жаңғыртудан өтсе де, "мұрты" бұзылмаған", - делінген жазбада.
Өлеңдер жинағы музей қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың коллекциясы қатарында.
Музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, онда ақын жырлары түгел дерлік қамтылған. Өлеңдерді араб әрпімен төте жазу үлгісінде оқуға болады.
"Негізі қазақ тілінде. Кейбірі татаршаға келетін сияқты. "Масғұт" поэмасы да, Пушкин, Лермонтов, Крыловтан аударған дүниелері де бар. Қайта жаңғырту кезінде бірен-саран беті түсіп қалған", - деді ол.
Кітаптың қайдан шыққаны анық белгісіз. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, түркітанушы ғалым Серікбай Қылышбай ақын Бернияз Күлеевтің жинақтауымен 1922 жылы "Қазан" баспасынан жарыққа шыққан болуы мүмкін екенін алға тартып отыр.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз