- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- буллинг құрбаны сыныптас көмектесу
Сыныптасым буллинг құрбанына айналды: оған қалай көмектесе аламын?
Буллинг - қазіргі қоғамда таңғалатын құбылыс емес. Буллингті бастық, әріптес, таныс, сыныптас немесе топтас жасауы мүмкін, ал оның құрбанына кез келгеніміз айналуымыз ықтимал. Қорлық көрген адамға қалай көмектесуге болады? Ол үшін не істеу керек? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі психолог Бибігүл Ағаділден сұрады.
Психолог ең алдымен оқушылар арасында жиі кездесетін буллинг түрі туралы айтты. Жалпы буллингтің бірнеше түрі бар:
- Сөзбен буллинг жасау. Бұл біреуді сырт келбеті, діні, этникалық тегі, мүгедектігі, киім стилінің ерекшеліктері және тағы басқа дүние үшін үнемі қорлау, қорқыту және теріс пікір айтып, қатыгездік таныту.
Мысалы: бір бала басқа балаға: "Сен анаң сияқты өте семізсің". - Физикалық тұрғыда. Физикалық буллинг қайта-қайта ұру, тебу, жолды жабуға тырысу, итеру, орынсыз тәсіл арқылы денені ұстау сияқты іс-әрекеттерден байқалады.
Мысалы: балалар алаңында баланың шалбарын тартып немесе белін қысып кету. - Әлеуметтік формада. Әлеуметтік буллинг біреуді оқшаулау арқылы жүреді. Яғни құрбан ортаға қосыла алмайды, үнемі шеттетіледі.
Мысалы: бір топ қыздар демалыс күндері жиналуды жоспарлап, оны талқылайды, бірақ бір қызды әдейі шақырмайды, бәрі ол жоқ секілді кейіп танытады. - Кибербуллинг. Бұл біреуді электрон пошта, хабарлама және әлеуметтік желі арқылы қорлау, жалған қауесет таратып, айыптау.
Мысалы: біреу әлеуметтік желіде "Бұл қыз/жігітпен қалай араласасыңдар? Ол нағыз бейбақ қой" деген жазба жариялайды.
Фото: depositphotos.com
Көбінесе қандай балалар буллинг құрбанына айналады?
Маманның сөзінше, буллинг жасап отырған адамға да, оның құрбанына да жеке сипаттама беруге болады.
"Әдетте өзгелерге қысым көрсететін бала сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста болады, тіпті ортада беделді деуге болады. Олар басқа балаларды бағындыра алады, талабы жоғары, әрдайым өзінікін дұрыс санайды", - деді ол.
Алайда психолог қысым көрсетушінің кейбіреуі бұған дейін өзі буллинг құрбаны болуы мүмкін екенін айтады, сондықтан олар қорғаныс үшін өзі агрессорға айналады. Мұндай адамдардың ықпалына өзін-өзі төмен бағалайтын немесе қалыпты қарым-қатынастың қандай болатынын білмейтін балалар түсіп, буллинг жасаушылардың қатарын толықтырады.
Ал буллинг құрбаны кез келген мінезі жайлы, қарапайым бала болуы мүмкін.
"Тіпті бақытты, бірін-бірі жақсы түсінетін отбасынан шыққан баланы да басып тастауға болады. Бірақ кейбір зерттеулер нәтижесіне сенсек, буллингтен зардап шеккендердің арасында құрдастарымен қарым-қатынаста қиындықтарға тап болатын және өздеріне қатты қанағаттанбайтын мазасыз, тәуелді балалар бар. Керісінше жағдайлар да бар: буллинг құрбаны - жанжалға жақын бала болуы да мүмкін", - деп түсіндірді психолог.
Фото: depositphotos.com
Буллинг құрбаны болған сыныптасыма қалай көмектесе аламын?
Психолог Бибігүл Ағаділ сыныптасын немесе досын буллингтен қорғағысы келетін адам не істеу керегін айтып, нақты нұсқаулық ұсынды.
Буллингке ұшыраған досыңызды қолдаңыз. Мұндай кезде адам айналасынан оқшаулануға бейім. Салдарынан олар жалғыз қалып, одан сайын осал болады. Досыңыз тұйықталып кетсе, оған жақындап, сөйлесіп, ішіндегі сырын шығаруға тырысыңыз.
Буллингті бастаған адамды елемеңіз. Өзгелерді өзінің ерсі қылығымен келемеждейтін адамдар өзіне назар аударғысы келеді. Сондықтан олар әрекетін басқалар көріп, оны тамашалағанын қалайды. Оның агрессивті мінез-құлқына мән бермеген кезде, оларды қалағанын алу мүмкіндігінен айырасыз. Осыдан кейін олар бұл әрекетін доғарады, өйткені олар қажетті нәтиже алмайтынын көреді.
Басқа достарыңыздан да буллинг құрбанына қолдау көрсетуін сұраңыз. Біреуді қорлаудың неліктен дұрыс емесін түсіндіріп, буллингті тоқтатуға көмектесуді ұсыныңыз. Өйткені қазіргі құрбанның орнында кез келгені болуы мүмкін. Ортаның қолдауы қиналып отырған адамның қорқынышын жеңуге көмектеседі.
Назарды басқаға бұрыңыз. Әжуа-мазақ басталған кезде, әдетте адамдар одан әрі не болатынын күтеді. Жағдайды бақылаудың орнына адамның ойын жағымды дүниеге бөліп, назарды басқа бағытқа бұра аласыз. Тақырыпты өзгертіп, ашулана бастаған адамды әңгімеге тартуға тырысыңыз. Сіз бәрін ойын, әзілге аударып, буллинг құрбанын алып кете аласыз. Егер әрекетіңіз нәтижесіз болса, алаңдататын маневр жасаңыз, мысалы, зат лақтырыңыз, айғайлаңыз немесе тіпті су төгіңіз.
Фото: depositphotos.com
Буллинг құрбанын кінәлі емес екеніне сендіріңіз. Оған басқаны қорлайтын адамдардың өзін-өзі төмен бағалайтынын және агрессивті мінез-құлық арқылы өзін-өзі көрсетуге тырысатынын еске түсіріңіз. Өзгеге қасақана зиян тигізу мүлде күшті емес.
Буллинг туралы көмектесе алатын адамға хабарлаңыз. Мысалы, мұғалімге, сынып жетекшіге, тәрбие жөніндегі меңгерушіден көмек сұраңыз. Болған жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып беріңіз, мүмкін болса, дәлел үшін оқиғаны видео немесе суретке түсіріп алыңыз. Басқа куәгерлерден сізге қосылуын сұраңыз.
Буллинг жасаушының назарын өзіңізге аудартыңыз. Егер қауіп жоқ болса және өзіңізге сенімді болсаңыз, агрессорға "тоқта" деп айтыңыз. Денеңіз ішкі күйіңізді көрсетуі керек. Арқаңызды тік ұстаңыз, басыңызды жоғары көтеріңіз, тіке қарап, қатты сөйлеуге тырысыңыз. Айғайламаңыз. Бұл агрессорды одан сайын ашуландырады. Сіз оны тоқтатып, тыныштандыруыңыз керек.
Айта кетейік, бұған дейін балаңыз буллинг құрбаны екенін қалай анықтауға болатыны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә