«Не молчи.кз» қоры сыныптастары жарты жыл бойы секс құлдықта ұстап, физикалық және психологиялық қысым көрсеткен қызылордалық жасөспірімнің қазіргі жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қор мәліметінше, қазіргі таңда зардап шеккен қыз неврологиялық ем алып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда, құқық қорғаушылар болса күдіктілер жауапкершіліктен қашып кете ма деп алаңдаулы.
«Қазір қыз бала клиникада, неврологиялық емделуден өтуде. Бірақ палатадағы төрт қабырғада емделу өте қиынға соғып жатыр. Біз емдеу әдісінің еркін форматын қарастыруды сұраймыз, себебі аурухана қабырғалары оған ауыр әсер етіп, өткен өміріндегі жағымсыз естеліктерді еске салады. Күйзеліс жағдайы одан сайын асқына түсті», – деп жазған қор ресми парақшасында.
Қыздың және анасының рұқсатымен құқық қорғаушылар оның бастан өткерген хикаясын жариялады. Онда оқиғаның қалай басталғаны, ақша бопсалау, түрлі азаптаулар мен ата-анасын өлтіреміз деген қоқан-лоқы, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу және есірткі қолданғандары туралы айтылған. Қылмысқа оқушылардан бөлек, өздерін күш құрылымында жұмыс істейміз деп таныстырған ересек адамдардың да қатысы бар.
Оқушы қыз сыныптастарынан көрген қорлығын жайып салғаннан кейін, бәрі тынышталған. Бірақ бірінші ай ол үнемі: «Бізді өлтіреді, бәрібір бізді өлтіреді» деп қайталай берген.
«Сексуалдық құлдық пен азаптау кезінде оның картасы арқылы мыңға жуық транзакция (түсімдер) өтіп, басып шығарған кезде 70 беттен асты. Аударым сомасы шамамен 13 млн теңгені құрады. Бұл сомаға қыздың туыстарынан түскен аударымдар да кіреді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Біздің болжамымыз бойынша, көптеген клиенттер іздерін жасыру үшін қолма-қол ақша төлеген», – дейді қор.
Айта кетейік, тамыз айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған оқиға бойынша жиналыс өткізіп, бірнеше адамды жұмысынан босатқан.
«Бүгіннен бастап №7 мектеп – лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын», - деді әкім.
Бірақ «Не молчи.кз» қоры тиісті адамдардың бәрі жауапқа тартылмады дейді.
«Директордың тәрбие ісі жөніндегі екі орынбасары мектепте жұмыстарын жалғастырып жатыр. Біз мектеп әкімшілігі, оның ішінде меңгерушілерді қылмыстық жауапқа тарту керек деп санаймыз. Қазір олар ешқандай жауапкершілікке тартылмады. Қыз бала бірнеше рет мұғалімдерге жағдайды жеткізгісі келгенімен, өзінің ұрыс естігенін айтты. Бәрі солардың мұрындарының астында орын алды: бір сыныптың оқушылары ұйымдасқан топ құрып, сыныптағы ең сабырлы, тыныш қызды құлдыққа салады. Мұны қалайша ешкім байқамады? Біз әкімнің ашық мәлімдемелерін қолдаймыз, бірақ сөзден іске көшу керек» – деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық тергеуге келетін болсақ, облыстық полиция департаменті бірнеше бап бойынша іс қозғаған.
«Қызылорда полициясы осы факті бойынша күдіктілерді ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жалғасуда» деп хабарлады өңірдің облыстық департаменті.
Еске салайық, аталған жағдай тамыз айында белгілі болды. Сыныптастары кәмелет жасына толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз