Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға қанша сыйақы төленеді?

Қазақстан азаматтары 2026 жылы пара алу немесе жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат үшін 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы ала алады. ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Комитет мәліметінше, сыйақы мөлшері істің ауырлығына байланысты. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хабарлама үшін 29 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге), ауырлығы төмен қылмыс туралы ақпарат үшін 40 АЕК (2026 жылы 173 000 теңге) төленеді.

Орташа ауыр қылмыс туралы хабарлама 46 АЕК-ке (2026 жылы 216 250 теңге), ауыр қылмыс туралы хабарлау 70 АЕК-ке (2026 жылы 302 750 теңге) бағаланады.

Егер қылмыс аса ауыр болса, ол туралы хабарлаған адам 100 АЕК (2026 жылы 432 500 теңге) ала алады.

💰 Әкімшілік құқық бұзушылық
29 АЕК129 750 теңге
💰 Ауырлығы төмен қылмыс
40 АЕК173 000 теңге
💰 Орташа ауыр қылмыс
46 АЕК216 250 теңге
💰 Ауыр қылмыс
70 АЕК302 750 теңге
💰 Аса ауыр қылмыс
100 АЕК432 500 теңге
Сонымен қатар пара немесе келтірілген залал 1000 АЕК-тен (2026 жылы 4 325 000 теңге) асса, онда хабарлаушы соманың 10 пайызын алады, бірақ ол 4000 АЕК-тен (2026 жылы 17,3 миллион теңге) аспауы тиіс.
Мысалы, пара мөлшері 50 миллион теңге болса, сыйақы сомасы 5 миллион теңгеге (10 пайыз) жетеді. Ал 200 миллион теңгелік пара туралы хабарлағаны үшін 17,3 миллион теңге төленеді (бұл ең жоғары сома, себебі пара мөлшері 4000 АЕК-тен асады).

ҰҚК ақпараты бойынша, 2025 жылы жемқорлық туралы хабарлаған 61 адам сыйақы алған. Оларға 24,2 миллион теңге төленген.

Ақшаны қалай алуға болады?

Ақша алу үшін ең алдымен жемқорлық дерегі (пара алу, бопсалау немесе басқа да заңсыздықтар) туралы хабарлау қажет.

Сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне өтініш беру керек. Ол үшін жеке куәлік пен банктен теңгелік шот туралы анықтама қажет.

Комиссия шешімді 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қабылдайды. Оң шешім шығарылған жағдайда, ақша бұйрықтан кейін бір ай ішінде шотыңызға түседі.

Кімдерге сыйақы берілмейді?

Жалған мәлімет бергендерге, қылмысты орындаушыларға немесе оған қатысушыларға, органдармен құпия түрде жұмыс істейтіндерге, сондай-ақ жемқорлық дерегі туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге сыйақы берілмейді.

Оларға сыйақының орнына грамота немесе алғыс хат табысталады.