"Алматыэлектротранс" ЖШС-нің экс-қызметкерімін деп таныстырған ер адам компаниядағы былық туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл видео EGOV.PRESS Telegram-арнасында пайда болды. Онда ер адам істен шығып, тұрақта тұрған автобустарды көрсетіп, "бұл - компания мен әкімдік арасындағы жемқорлықтың көрінісі" деді.
"10 жыл бойы "Алматыэлектротранс" компаниясында жұмыс істедім. Автобустардың борт нөмірлеріне назар аударсаңыз, бұл нөмірлер оның қашан келгенін растайды. Мәселен, 2335 нөмірлі автобустар Алматы аумағына 2018 жылы келген. Ал мемлекеттік нөмірі 523 Vector автобусын қарасаңыз, "Алматыэлектротранс" компаниясы оларды 2021 жылы сатып алған. Бүгінгі күні қозғалтқыш сағаттары сәйкес келмейді. Бұл - компания мен Алматы қаласы әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың схемасы. Талап бойынша бұл автобустар 7 жыл қызмет етуі керек. Олардың жағдайы жақсы, дегенімен тоналып бітті", - дейді ер адам.
Massaget.kz тілшісі бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін компанияға сауал жолдады.
Компания өкілдері ер адамның мәлімдемесін жоққа шығарды.
"Алматының ауа сапасын жақсарту мақсатында қала әкімшілігі жоспар қабылдады, ондағы шаралардың бірі - дизельді автобустардан газ және электр автобустарына көшу. Осыған байланысты, қоғамдық көлікті экологияландыру жобасы шеңберінде 2023 жылы Алматы қаласының әкімдігі Серіктестік үшін газ отынымен жүретін 600 жаңа автобус сатып алды, бұл ретте дизельдік автобустар қала айналымынан шығарылып, өңірлерге жіберілетін болады. Автобустарды өңірлерге жіберу рәсімі айтарлықтай уақытты алады, осыған байланысты дизельді автобустар, сондай-ақ, ескі троллейбустар Алматы облысының Қайназар кентіндегі уақытша сақтау қоймасына тасымалданды.
Қазір қойма аумағында 282 бірлік техника бар.
- 2012 жылғы 75 троллейбус;
– дизельді 2017-2018 ж. Лиаз маркалы автобустар - 133 бірлік;
- дизельді 2016 -2017 ж. Газель маркалы автобустар - 60 бірлік;
- дизельді 2018 жылы Паз (Вектор) маркалы автобустар -14 бірлік.Сонымен қатар, уақытша сақтау қоймасы аумағына Жетіген кентінен де автобустарды есептен шығару рәсіміне дайындау және кейіннен сауда-саттықта өткізу үшін тасымалданып жатқандығын қосымша айта кеткеніміз жөн", - делінген жауапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!