Қызылорда тұрғыны базарда 1 700 000 теңге жоғалтып алып, әлеуметтік желіде тауып алғандар болса қайтаруды сұрап жазба қалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Instagram әлеуметтік желісіндегі kritikakyzylordy-парақшасында қызылордалық ерекше хабарландыру жарияланды.
"Бүгін, 8 желтоқсанда сағат 9-дан өте "Мирас" сауда үйі мен "Асдекор" дүкенінің арасына 1 700 000 теңге көлемінде ақша түсіп қалған. Тапқан адамға сүйіншісі бар. Алған адам қайтарып беруіңізді сұраймын. Болмаса құзырлы органдарға жүгінеміз", - деп жазды пост авторы.
Пікір қалдырған қолданушылардың көбі кез келген адам мұндай үлкен соманы қайтарып береді дегенге күмәнданады.
"Тапқан адам қуанғанынан жылап жатқан шығар. Қолында сонша ақша барда, сүйінші оған не керек! Мұндай соманы қалай түсіріп алып жүр? Өзіміз қалтамызда 20 мың теңге болса, түсіріп аламыз ба деп дірілдеп кетеміз. Желіге хабарландыру емес, полицияға арыз жазу керек", - деді қолданушы.
Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оларға мұндай өтінішпен ешкім хабарласпағанын хабарлады.
"Іс тіркелген жоқ", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!