Желіде Президент зейнетақыға қатысты Жарлыққа қол қойғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Онда зейнет жасы 2023 жылдан бастап 58 жас болатыны айтылады. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
WhatsApp-та тараған хабарламада 20 жастан бастап үздіксіз жұмыс істеген әйелдерге арналған зейнет жасы көрсетілген. Мәселен, 1962 жылғылар 61 жастан шығатыны, олардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 16 жыл болатыны, ал 1998-2023 жылдардағы еңбек өтілі 25 жыл, сонда жалпы 41 жыл екені айтылады. Желіде тараған суретте 1970 жылғылар 2028 жылдан бастап 58 жаста шығатыны көрсетілген. Соған сәйкес, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 8 жыл екені, 1998-2028 жылдар аралығында 30 жыл болатыны, жалпы 38 жыл екені айтылған.
Алайда бұл ақпарат Ақорданың баспасөз құралдарында жарияланбаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында да зейнет жасына қатысты ешқандай ақпарат берілмеген.
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде бұған дейін де Президент Жарлығы бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетіледі деген ақпарат тараған еді. Бірақ кейінірек бұл ақпаратқа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілі пікір білдірді.
"Әйелдердің зейнетке шығуының заңнамамен белгіленген жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген, халықаралық практикаға, әлемдегі қалыптасқан экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келетінін естеріңізге саламыз. Бекітілген жас мөлшері базалық және ынтымақты зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерді ескере отырып, қазақстандықтар құрметті демалысқа шыққаннан кейін тиісті зейнетақы төлемдерін қалыптастыру қажеттілігіне негізделген", - деген еді ведомство өклдері.
Демек, бұл да зейнетақыға қатысты ел арасында тараған тағы бір қауесет.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ерлі-зайыпты зейнетақы жинағын біріктіре алатыны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!