Астанада қоғамдық орында пиротехникалық бұйым қолданған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Massaget.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға түнгі сағат 01:20 шамасында Жұмабек Тәшенов көшесіндегі Ататүрік саябағында болған. 24 жастағы азамат сүйіктісіне сөз салу үшін отшашу ұйымдастырған. Алайда ол романтикалық сәтті өткізу барысында елдімекен аумағында әрі пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынған жерде отшашу атып, заң талаптарын бұзған. Бұл әрекет тұрғындардың тыныштығына кері әсер етіп, қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болған.
Аталған дерек бойынша азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Іс материалдары сотқа жіберіліп, сот шешімімен құқық бұзушы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!