Қазақстандық Ирина Эль-Сұлтан отбасымен бірге туыстарына барып, Газа секторында қалып қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Алматылық Ирина Эль-Сұлтан 4 қазанда отбасымен жұбайының туыстарына барған. Қазақстандықтар 29 қазанда Газа секторынан кетуі қажет болған.
"Мұнда күйеуімнің қарт анасы тұрады, әкесі біз келгенге дейін қайтыс болды, ол 94 жаста еді. Ол қайтыс болғаннан кейін туыстарымызбен жиі көрісіп тұруымыз керек екенін түсіндік. Бәріміз осында жиналдық, балаларды да әкелдік", - дейді ол.
Оның айтуынша, қазір Газа секторында қазақстандық отбасылар көп. Олардың кейбіреулері екі елде тұрады, кейбіреулері қонаққа келген.
"Қанша адам екенін нақты айта алмаймын. Елшілік тобында 20 адам бар... Біреудің күйеуінің азаматтығы біздің елдікі, біреудің тұруға рұқсаты бар, бірақ балалары - негізінен Қазақстан азаматтары", - деді ол.
Қазақстандықтардың туыстары Израиль шекарасына жақын орналасқан Свлатын ауылында тұрады. Қазір қазақстандықтар Газа секторының солтүстігіндегі қалаға жеткен.
"Ол жақ қорқынышты, бәрі ол жақтан қашып кетті. Бізді Джебалия қаласындағы алыс туыстарымыз қабылдады. Мұнда басында тынышырақ болды, бірақ қазір қатты дауыстар шығып жатыр. Ешкім қай жер қауіпсіз екенін білмейді, біреуі мектептерде, біреуі біз сияқты жүр. Мұнда адам тым көп. Ешкім қалай сақтану керегін білмейді, қауіпсіз орындар жоқ. ...Құлағымыз ауырды, бірақ бұған да үйрендік. Сөзбен жеткізу мүмкін емес", - деді Ирина.
Қазақстандық оқиға басталған күні бірден кете алмағанын айтты.
"Мұнда жүйе бар, кетер алдында және кірер алдында Мысырдың барлау агенттіктері тексеру үшін алдын-ала хабарлау керек. Менің ойымша, израильдіктер де Мысырмен бірге тексереді, бәрі солай ойлайды. Сондықтан бірінші күні кетуге мүмкіндік болмады, жай жиналып, кете сала алмайсың. Әйтпесе алғашқы жарылыс кезінде-ақ қашар едік", - деді ол.
Қазақстандық әйелдің сөзінше, мұнда бір кірген адамның шығуы қиын.
"Мұнда бомбадан қорғанатын пана жоқ. Жертөле де жоқ. Сиреналар да ойнамайды. Армия жоқ, мемлекет жоқ. Бұл - анклав. Техникалық тұрғыдан бұл лагерь, ішке кіруге болады, бірақ шыға алмайсың. Осылай 20 жылдан аса уақыт өтті. 40 жасқа дейінгі ер адамдарға маңызды себептер мен үлкен ақша қажет. Әрине, көбі кетуге тырысады, бірақ бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ. Басқа елдерден келген адамдар үшін мұның бәрі біртүрлі болып көрінеді. Мұнда не болып жатқанын ешкімге айтпаймын, өйткені ешкім сенбейді", - деді ол.
Ирина қазір сулары таусылғанын, барлық дүкен жабылғанын, гуманитарлық көмек жоқ екенін, тіпті су құбырында да су жоқ екенін айтты. Ал интернет күніне бірнеше минутқа қосылады екен.
"Осы уақытқа дейін туыстарымызға аман екенімізді білдіруге тырысып келе жатырмыз. Бірақ бәрінен бұрын елшіліктен хабар күтеміз. Әзірге жұбаныш болар жаңалық жоқ. Олар бізге сектордан кетуге мүмкіндік беру үшін ресейлік дипломаттармен бірге Израиль тарапымен келісуге тырысып жатыр, бірақ әлі нәтиже бермеді. Қызыл жарты айға бардық, олар да бізді тізімге енгізді, бірақ әлі күтіп отырмыз. Мұның бәрі Израильге байланысты, олар шетелдіктерге жасыл дәліз жасағысы келе ме, жоқ па", - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Израильден арнайы ұшақпен жеткізілген әйел эксклюзив сұхбат берген еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз