Кеншілер қаласындағы тау-кен байыту комбинатында құбыр жарылып, сұйықтық Филипповка өзеніне құйылды. Шаһар жұрты су құрамы бұзылды ма деп алаңдаулы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ШҚО Экология департаменті таратқан мәліметке сәйкес "Қазцинк" ЖШС Риддер тау-кен байыту комбинатының құбыр желісінде жарылыс болды.
"Насос қысымы төмендеп, оны уақтылы байқадық. 45 минут ішінде негізгі қиындықтарды еңсеріп, бірден жарылған жерлерді дәнекерлеуге кірістік. Апатты құбыр толықтай ауыстырылды деуге болады. Шамамен 1350 текше метр қойыртпақ төгілді", – деді техникалық басшы Валерий Денисов.
ШҚО бойынша мемлекеттік экология инспекторы Сергей Усенко бірден судан сынама алынғанын жеткізді.
"Бұдан соң өзенді ластаған қалдықтан да сынама алынды. Түсіп жатқан өтініш-шағымдарға сәйкес жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Осы шаралар іске асырылған соң комбинат аумағына кіріп, олқылық қай жерден кеткені анықталмақ", – деді ол.
Риддер тұрғыны Гүлжан Қайыргелдінің айтуынша, соңғы жылдары құбырлардың талайының тозғаны әшкере болып жатыр. Филипповка өзенінен мал су ішіп, кей тұрғындар балық аулайтын көрінеді. "Суымыз сүтке айналды" деп дабыл қаққан тұрғындар экологиялық әсерінің теріс болмауын тілеп отыр.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!