Ескендір Хасанғалиевтің "Бозторғайым" әні 70-жылдары жарыққа шықса да, қазіргі уақытта жастар арасында тағы да хитке айналды. Оған әнші Нұрболат Қанай қайта дем берген болатын. Massaget.kz тілшісі "Бозторғайым" әнінің шығу тарихын баяндайды.
"Бозторғайым" - Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен", "Ескірмеген махаббат", "Гүлсезім" секілді туындыларымен бір қатарда халыққа кеңінен тараған әні.
"Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан,
Құс едің ғой кең далаға бауыр басқан.
Аяздарда тоңбайсың ба бозторғайым
Жылы ұяңа қонбайсың ба бозторғайым", - деген жолдардың мағыналық реңкі зор.
"Бозторғай" әні өткен ғасырдың 70-жылдары шыққан. Сөзін Бәкір Тәжібаев, әнін Ескендір Хасанғалиев жазған. Тәжібаевтың жары Сапаргүл Абызбаева Маsа.kz сайтына берген сұхбатында осы әннің тарихы туралы айтыпты.
"Бір күні Бәкір Ескендірмен бірге ансамбль ұйымдастырып, Жезқазғанға барады. Сонда бір айдай болады. Бір күні қонақүйдің терезесінен Бәкірдің көзіне күздің суығында талды паналап отырған бозторғай түседі. Сонда Бәкір Ескендірге "Терезеден не көріп тұрсың?" дейді. Ескендір адамдарды көргенін айтады. Бәкір болса бұтақтағы торғайды көрсетеді. Суықта тоңып тұрған торғайды үйге кіргізу үшін терезені ашады. Торғай кірмейді. "Бозторғай" әні содан туындайды", - деген еді ол.
Ал Ескендір Хасанғалиев сұхбаттарының бірінде бұл әнді қазақ тіліне арнағанын айтқан.
"Өздеріңіз білесіздер, "Бозторғай" қоныс аударатын құс емес, ол - қанша қиын болса да туған жерінде қыстайтындардың бірі. Бұл менің жанымның азабы, өз жерінде ана тілінде сөйлей алмаған халқымның азабы еді. Мен орыс тіліне, ағылшын тіліне қарсы емеспін, бірақ біз және осы жерде тұратындардың бәрі қазақ тілін білуіміз керек. Бұл - оны ұрпаққа сақтап қалудың жалғыз жолы. Бұл тіл бізге, қазаққа ғана керек емес, ол ата-бабаларымыздан жеткен, бізге дейін сақталды, енді тілді сақтау - бүгіннің ең басты міндеті", - деген болатын ол.
Ал биыл мамырда Qanay есімімен танымал әнші Нұрболат Қанай әннің жаңа нұсқасын шығарды. Ол "Бозторғайым" әнін қайта жаңғыртып, клип түсірді.
Бұл әнге Қанай басқа мағына берген. Яғни, ол әскерге барып, қаза болған сарбаздарға арналған. Клипте ән айтылып жатқан кезде фонында әскерге кетіп, бірнеше күннен соң қайтыс болған маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай туралы жаңалықтар көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін "Нурикамал" әнінің тарихын жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!