Суықта бас киімсіз жүру несімен қауіпті?

Көпшілік бас киім кигенді жақсы көрмейді: ол сәнді емес, шаш үлгісін бұзады, құлаққап киюге кедергі келтіреді. Алайда қыста бас киім кимеу - жиі респираторлық және инфекциялық ауруларға әкеледі. Бұл жайлы Life.ru-ге дәрігер Александра Филёва айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Баста температураның төмендеуінен қорғайтын тері астындағы май жоқ, яғни суықтан қорғайтын ештеңе жоқ. Егер бас тоңып қалса, бұл жай ғана жағымсыз сезім емес. Дене жылудың көп бөлігін бас арқылы жоғалтады, сондықтан бастың тоңуы иммунитетке үлкен соққы береді", - деді дәрігер.

Оның айтуынша, егер иммундық жүйе күшті болса, онда бас киімсіз серуендеу денсаулыққа зиян тигізбейді. Бірақ егер адам ұйқысыздық және дәрумендердің жетіспеушілігімен қиналса, аз қозғалысты өмір салтын сақтаса, онда суықтап қалғаннан көбірек зардап шегеді және ағзаға шабуыл жасайтын вирустар мен бактерияларға қарсы тұра алмайды. Әрине, суықта бас киімнің болмауы ауруды тудырмайды, бірақ қоздырғыш ретінде қызмет етеді: суық тию, тұмау, синусит, отит, менингит, гайморит, сондай-ақ созылмалы аурулар көбінесе суықтап қалудан басталады дейді дәрігер.

Филева баста көптеген қантамырлары бар екенін айтты. Суықтың әсерінен олар алдымен қысқа уақытқа тарылады, содан кейін адам жылы жерге кіргенде тамырлар кеңейеді, қан ағымы күшейеді, бұл бас ауруы мен бас айналуға әкелуі мүмкін. Ол сондай-ақ температураның өзгеруінен бас терісіндегі тамырлар спазмға ұшырайтынын, бұл шаш фолликулаларының дұрыс тамақтанбауына әкелетінін айтты. Шаш әлсіреп, әдеттегіден көп түсе бастайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!