Патофизиолог Сергей Степанов "Известия"-ға суық суға шомылу кезінде нені ескеру керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Суық суға шомылуға болады. Бұл температураның күрт өзгеруіне байланысты иммунитетті ынталандыратын және сергітетін, ағзаны белсендіретін процедура. Бұл ағзаны шынықтырудың бір әдісі. Бірақ бірінші рет суық душқа түсіп жатсаңыз, салқын тигізіп алмас үшін мұқият болу керек. Себебі суық өтіп кетсе, иммунитеттің төзімділігі төмендеп, инфекциялық сипаттағы аурулар, сондай-ақ бұлшықеттер мен жүйкелердің қабынуына байланысты аурулар туындауы мүмкін", - деді ол.
Тіпті, сау адамның өзі суық душқа түсуге біртіндеп дайындалуы керек.
"Егер бұған дейін шынығу процедураларын жасамаған болсаңыз, ол ағзаға күйзеліс болмас үшін оны бірден бастаудың қажеті жоқ. Күйзеліс гормондардың бөлінуіне, қан тамырларының тарылуына және жүрек-қан тамырлары ауруларына, жүректің немесе тыныс алудың рефлекторлық тоқтауына әкелуі мүмкін. Шынығу кезінде судың температурасын біртіндеп, бір-екі күн сайын бір-екі градусқа төмендету ұсынылады", - деді Степанов.
Оның айтуынша, созылмалы аурулары бар, әсіресе, жүрек-қан тамырлар, тыныс алу, қозғалыс жүйесі аурулары бар адамдарға суық душқа түсуге болмайды.
"Мұндай шынығу процедуралары 50 жасқа дейінгі жастар мен ересектер үшін оңтайлы, 50 жастан кейін сақтықпен түсу керек, ал 70 жастан кейін ол бұрыннан келе жатқан әдеті болмаса, суық душқа түспеген жөн. 8-9 жасқа дейінгі балалар да суық душқа түсу ұсынылмайды, өйткені бұл жастағы баланың иммундық жүйесі мен ағзасы әлі толық қалыптаспаған және мұндай жүктемелерге дайын емес", - деп қорытындылады сарапшы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз