Диетолог Елена Парецкая жылқы етінің ағзаға қандай пайдасы бар екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.
Ет - деликатес
"Етті көбіне Орта Азияда жейді. Жылқы етінің құндылығы - оның ағзаға жылдам сіңуі, оның құрамында ақуыздың көп болуы және оның компоненттерінің қыздырушы әсерінің болуы", - дейді дәрігер.
Франция, Германия, Венгрия және Жапонияның кей өңірлерінде шұжық өндірісінде оның дәмін жақсарту және қышқыл дәм беру үшін жылқы етін қолданады.
"Жапондарда жылқы еті нағыз деликатес болып саналады және ол басқа ет түрлеріне қарағанда қымбат тұрады", - дейді маман.
Алайда жылқы етін жеуге тыйым салынған елдер де бар. Діни көзқарастарына сай, жылқы етін Бразилияда, Үндістанда жемейді. Сондай-ақ оны яһудилер мен сығандар жемейді. Ал АҚШ-та Калифорния және Иллинойс штаттарында жылқы етін сату және жеу заң бойынша тыйым салынған.
Жылқы етінің адам денсаулығына бірқатар пайдалы қасиеттері бар.
"Оның құрамында ақуыз көп және май өте аз, бұл протеиндердің сіңуін жақсартады. Сондай-ақ жылқы еті минералдар мен микроэлементтерге бай. Мысалы, оның құрамында натрий, калий, фосфор, кальций, мыс, темір, магний, В тобының дәрумендері, К, РР, А және Е дәрумендері бар, - деп түсіндірді Елена Парецкая. - Жүйке жүйесі толыққанды жұмыс істеуі үшін ағзаға В тобының дәрумендері қажет, ал майда еритін Е және А дәрумендері шаш пен тері саулығына қажетті антиоксиданттар қызметін атқарады. Сондай-ақ ретинол көз саулығын сақтайды. К дәрумені қан ұйығыштығын қалыпқа келтіруге, темір анемияның алдын алуға көмектеседі. Магний мен калий қысым деңгейін қалыпта ұстауға, жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алуға, тіндердегі артық сұйықтықты шығаруға ықпал етеді".
Жүйелі түрде жылқы етін жеу холестерин деңгейін түсіруге, зат алмасу процестерін ынталандыруға көмектеседі. Жылқы етінің калориясы (100 г өнімде 215 ккал) төмен екенін ескерсек, оны арықтағысы келетін адамдар өз диетасына қосса болады. Сонымен қатар жылқы еті иммунитетті қатайтуға, сүйек және тіс саулығын жақсартуға көмектеседі.
Жылқы етін кімдерге жеуге болмайды?
"Жылқы етін тұз байлану ауруымен (подагра) және ақуыздың көптігінен бүйрек ауруымен қиналатын, өт бөлінуі бұзылған кезде, мысалы, холециститпен ауыратын адамдарға жеуге болмайды. Қанда және несепте несеп қышқылының деңгейі жоғары болған кезде де жылқы етін көп жеуге болмайды", - дейді Елена Парецкая.
Асқорыту проблемасы бар адамдар да жылқы етінен уақытша бас тартуы керек: жарасы бар, гастрит, панкреатит және колит кезінде жылқы етін жеуге болмайды. Ағзаға артық күш түспес үшін инсульт және инфаркттің жедел кезеңінде жылқы етінен бас тартқан дұрыс.
Жылқы етін суға пісіріп жеген дұрыс. Қуырылған жылқы етін асқазан қорыта алмай қиналуы мүмкін. 7 жасқа толмаған балаларға жылқы етін бермеген жөн. Ол бала ағзасына қиын сіңеді.
"Етті дұрыс таңдау және оны дұрыс пісіру маңызды. Дұрыс қайнатылмаған жылқы еті денсаулық үшін қауіпті болуы мүмкін", - деп қорытындылады дәрігер.
Оқи отырыңыз: Еттен кейін газдалған сусын ішу дұрыс па? Нутрициолог жауап берді