- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сусыз қалған Алматыдағы...
Сусыз қалған Алматыдағы "Еңбек" бірлестігінің бау-бақшаcы қурап жатыр
Сусыз қалған Алматыдағы "Еңбек" бірлестігінің бау-бақшаcы қурап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматыда бүтін бір "Еңбек" бірлестігі бау-бақшаcын суғара алмай отыр. Су жоқтығынан 180 үй есік алдындағы жеміс-жидек пен көкөнісін көгерте алмай жүр. Кейбірінің бақшасы қурап, солып қалған. "Маңдай теріміз зая кетпесін" деген зейнеткерлер қыруар қаржыға су таситын көлік жалдап, екі ай амалдап келген. Енді шыдамы таусылып, әкімдіктегілерге наразылық білдірді.
Юрий Панюковтың "Еңбек" атты бау-бақша бірлестігінде көкөніс пен жеміс-жидек егіп ермек қылып жүргеніне 30 жылдан асқан. Бірақ биыл суғаратын судың жоқтығынан кейбірі солып, енді бірі қурап жатыр. Қазір зейнеткер аптасына бір рет су тасушыны 7 жарым мың теңгеге шақырып амалдап отыр.
"Суды өшіріп тастағанын 9 мамырда естідік. Ешкім ескертпеді. Алдын ала айтса, дайындалар едік. Енді егіп қойған көкөніс қурап жатыр, су жоқтығынан алма түсіп жатыр. Обал ғой", - дейді Юрий Панюков.
Жергілікті тұрғындар суғаратын суды осыған дейін Ақсай өзенінен алып отырған. Жұрт өткен ғасырда өздері қаражат жинап құбырларды да сатып алып орнатқан. Бірақ 30 жыл тыныш жатқан жерді әкімдіктегілер әй-шәй жоқ талқандап кетті дейді.
"Әкімдіктегілер біздің құбыр жатқан жерді біреуге берген. Олар енді сол жерге жолатпай, құбырларды алып тастаңдар деп отыр. Құрылысты жүргізуге әкімдіктегілер не үшін рұқсат берді? Әуелі құбырдың иесімен немесе тұрғындармен ақылдасуы керек еді ғой. Бәріне кінәлі әкімдіктегілер", - дейді тұрғын Бақытжан Жамалов.
Ал шенеуніктер құбырларды алып тастауға "мәжбүр болдық" деп отыр. Өйткені дәл сол жерге су сүзгілеу станциясы салынып жатыр екен.
"Су сүзгілеу станциясының құрылысы маңыздырақ болғандықтан, ол жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Құбырларды алуға мәжбүр болдық. Қазір инженерлермен біздің варианттарымыз қарастырылып жатыр. Нақты бір шешімге келген кезде, суғаратын суды қосуға ықпал етеміз", - дейді Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Фархат Жаңбыров.
Шенеуніктер не де болса бау-бақшаны суғаратын суды келесі айда жібереміз деп сендірген. Жалпы, Наурызбай ауданында су жетіспеушілігі өте өзекті тақырыптың бірі. Осыған дейін бұл мәселені көтеріп, жергілікті тұрғындар бірнеше мәрте наразылық білдірген еді. Әкімдіктегілер аудандағы ауызсу мәселесі 2025 жылға дейін толық шешіледі деп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина