- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сушиді жиі жеу...
Сушиді жиі жеу қауіпті екені айтылды
Норвегия ғылым және технологиялар университетінің ғалымдары суши мен басқа да шикі теңіз өнімдері антибиотиктерге төзімді супербактериялардың көзі болуы мүмкін екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі gazeta.ru-ға сілтеме жасап.
Ғалымдар теңіз өнімдеріндегі Aeromonas бактерияларының түрлерін зерттеген. Нәтижелер балық өнімдерін жұмсақ өңдеу (мысалы, суық қақтау) Aeromonas бактерияларын жоймайтынын көрсеткен. Зерттелген көпшілік бактерия патогенді болуы мүмкін, бірақ сау адамдардың олардан ауырып қалу қаупі өте төмен. Алайда қауіп тобы бар. Зерттеу Frontiers in Microbiology журналында жарияланған.
"Суши, сашими және суық қақталған балық өнімдеріндегі бактериялар осы өнімдерді жиі жейтін және иммунды жүйесі әлсіз адамдарға, балалар мен қарттарға қауіп төндіреді", - дейді зерттеу авторлары.
Тағы бір проблема – Aeromonas бактерияларында басқа бактериялармен генетикалық материалмен алмаса алатын қабілетінің болуы. Төзімді бактериялар жұқтырылған теңіз өнімдерін жеу олардың таралуына әкеледі. Төзімді бактериялар әлем бойынша кең тарап келе жатқан проблемаға жатады. Себебі олар ауыр емделетін жұқпаларды шақырады, кейде оларға ешбір антибиотик қарсы тұра алмайды.
Микробтар жануарлар және адамдар арасында тамақ және қоршаған орта арқылы беріледі. Ғалымдар оның алдын алу үшін өндіріс ғимараттарын және ауыл шаруашылығындағы жануарларды супербактерияларға жүйелі түрде тексеру, вакцинация жасау және әлем бойынша тамақтану өндірісі саласында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін айтты.
Сушидің қасындағы тұздықтар не үшін беріледі?
А. Жапатова