- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Суши жегенде құрт...
Суши жегенде құрт жұқтырып алуыңыз мүмкін
Суши біздің елде де сұранысқа ие тағамға айналды. Алайда шикі балық қосылған тамақты жеу қауіпсіз бе? Гастроэнтеролог Дарья Утюмова сушидің қаупі жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Известия"-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, шикі балық қосылған тағамды жеу арқылы шынымен де ішек құрттарын жұқтырып алуыңыз мүмкін. Сушиге қолданылатын теңіз балығында кей паразиттердің құрттары болуы мүмкін. Бірақ іс жүзінде оларды жұқтырып алу қаупі жоғары емес.
"Сушилерді дайындау кезінде қолданылатын балық пен теңіз өнімдері негізінен арнайы контейнерлерде өсіріледі. Әдетте паразиттер оның ішіне кіре алмайды. Алайда шикізатты сақтау мен дайындау процестерін бұзатын өндірушілер жайлы да ұмытпау керек", - деді Утюмова.
Тұздалған немесе қақталған балықтан жасалған тағамдар қауіпсіз болып келеді. Сондай-ақ шикізат қатты мұздатылған болса, ішек құрттары өліп қалады.
"Егер балық -18 градус температурада кем дегенде жеті күн немесе, мысалы, -35 градус температурада кем дегенде 15 сағат сақталса, паразиттерді жұқтыру тұрғысынан ол қауіп төндірмейтіні туралы айтуға болады", - деді ол.
Суши жеуді қауіпсіз ету үшін онымен бірге васаби ұсынылады. Маманның айтуынша, ол шынымен де паразит құрттарын өлтіре алады. Алайда ол үшін васаби дұрыс дайындалған болуы керек. Сол секілді сушимен бірге берілетін зімбір де пайдалы. Оның құрамындағы белсенді заттар да бактериялар мен паразиттерді жоя алады. Сондай-ақ зімбір асқорытуға қатысады және ағзаға антиоксидантты әсер береді.
"Гельминттерді жұқтыру қаупіне байланысты 12 жасқа дейінгі балаларға суши жеуге кеңес берілмейді", - деді гастроэнтеролог.
Жалпы кез-келген нәрседен құрт инфекциясының жұғу қаупінің алдын алу үшін гигиенаны сақтау керек: қолды жиі жуу, жемістерді, жидектер мен көкөністерді мұқият тазарту, ет пен балықты дұрыс пісіру керек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова